Білім министрлігі колледждердегі тегін біліммен бірінші кезекте кімдердің қамтылатынын жария етті

Dalanews 26 сәу. 2022 01:58 319

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласына қатысты нақты тапсырмалар қойған еді. ҚР БҒМ соның бір парасы орындалғанын алға тартты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі күні NEET санатындағы 237 000 жас қамтылмаған. Жыл сайын 50 мың талапкер ақылы негізде оқуға түседі, олардың 85%-ы аз қамтылғандар санатына жатады. Бұл жағдайды түзету керек. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін ТжКБ-мен 100% қамтуды қамтамасыз ету қажет» деген еді.

Осы тапсырмаға сай биыл Қазақстан колледждерінде 288,3 мың студент тегін оқитын болды. Гранттарды бөлу кезінде көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардың, сондай-ақ ерекше білім алуды қажет ететін отбасылардың балаларына басымдық берілгенін айта кетуіміз кеерк.

2022 жылы колледжде оқуға арналған гранттар саны 45 000-ға артқан. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыстың жалпы саны 125 мыңды құрады.

Білім грантын белгілеуде бірінші кезекте тегін біліммен көпбалалы, аз қамтылған, толық емес және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалары бар отбасылардың балалары қамтылады.

ҚР БҒМ кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кадрларды мақсатты даярлауды енгізіп жатыр. Биылдың өзінде кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам талапкерді қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Бұл негізінен металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көрсету салалары бойынша мамандықтар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x