Жақсылықов мырза, Назарбаевтың сөзі бұлжытпай орындайтын Құран сөзі емес қой

Dalanews 21 сәу. 2022 15:13 223

Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тілшілер қауымына қазақ тілінде сұхбат бере алмай, жазық жерде сүрінгеніне куә болдық.

Сондағы министрдің тілішер алдында ақталып айтқан сөзін естіп таңқалдық. Руслан Фатихұлы не айтты дейсіз ғой. Ұзын-ырғасы мынадай:

– Біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «егер жүз қазақтың арасында бір өзге ұлттың адамы болса, түсінікті болу үшін орыс тілінде сөйлеңдер» деп айтты ғой. Егер өңшең қазақтар болсақ, қазақ тілінде сөйлеймін ғой, – деп ақылға қонбайтын әңгімен айтқанын көргенімізде не жыларымызды, не күлерімізді білмедік.

Иә, 30 жылда Нұрсұлтан Назарбаев не демеді? Тілге, жерге, сайлауға қатысты бір-біріне қайшы келетін талай әңгіме айтты емес пе?

Кезінде Айдос Сарым «Азаттық радиосына» берген сұхбатында Назарбаевтың бір сөзі бір сөзін жоққа шығаратынын ашып айтқан еді.

Иә, Назарбаевтың сөзі бұлжытпай орындайтын Құран аяттарының сөзі емес қой. Сондықтан «Назарбаев айтты емес пе?», «Назарбаев айтқан» деген сөздерді тоқтатумыз керек.


Негізінде билікте ұзақ отырған адамның сөзінің құны болмайды. Билігін сақтау үшін үш күн бұрын айтқан сөзінен танып, басқаша сайрау түк емес.

2000 жылдардың басында Нұрекең «билікті ұзақ отырмаймын» деп құлағымызға талай тепті емес пе? Сондықтан саясаткерлердің сөзін қандайда бір мән іздеп, оған Құрандай ұюдың қажеті жоқ. Кейін ұятқа қалуыңыз мүмкін.

Сондықтан Қорнаныс министрінің «Назарбаев солай деп айтты емес пе?» деген аргументі ешкім де қабылдамағаны анық. Мұны тіпті ақталу деп айтуға да  келмейді.

«Жаңа Қазақстанның» білдей Қорғаныс министрі солқылдақтық танытса, одан кейінгі шенділер жайында не деуге болады.

Нұрлан Жұмақанов, журналист

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x