Білім министрі аттестациядан бас тартпайтын мәлімдеді

Dalanews 21 сәу. 2022 10:08 162

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагог мамандардың аттестациясын алып тастауға қатысты сұраққа жауап берді.

"Бұл мәселе біраз адамды мазалап жүр. Педагогтердің көбісі аттестацияны алып тастауды ұсынып отыр. Сол сияқты оқушылардан баға қоюды алып тастайық па деп сұрасақ, олар да қолдайтын еді. Жазғы демалысын тағы үш айға ұзартайық деп, бастама көтерсек, бәлкім, қуана-қуана келісетін шығар", - деді Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, мұғалімдер мен оқушыларға ыңғайлы жағдай жасағаннан бұрын білім сапасына басымдық беру керек.

"Біз үшін негізгі мақсат - балаларға сапалы білім беру. Балаларда мектепке және білім алуға деген құлшыныс болуы қажет. Ол үшін мұғалімдерге қатысты талаптар, шынымен де, жоғары болсын десек, онда наразылыққа қарамастан, осы бағыттағы жұмысты атқаруымыз керек.

Мен аттестацияны алып тастаймыз десем, барлығы қуанатын еді. Министрден жақсы адам болмайтын еді.


Бірақ біздің негізгі жұмысымыз ол емес. Балаларға сапалы білім беру керек. Не істесек те, соны басшылыққа аламыз", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Министр кейбір жоғары оқу орындарын жабу шараларын да мысалға келтірді. Осы мәселеге қатысты наразылық бар. Бірақ ондай шара білім сапасы үшін керек.

Айта кетері, жақында тарих пәнінің мұғалімі біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болды. Осыдан кейін мұғалімдерді наразылығы күшейіп кетті. Барлығы аттестацияны алып тастауды талап етті.

Дереккөз: Спутник 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x