Парадтан бұрын, әскердің әзірлігін тексеру маңызды - Қорғаныс министрі

Dalanews 20 сәу. 2022 11:05 192

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстанның неліктен әскери парад өткізбейтінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс алаңында журналистің сауалдарына жауап берген министр Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында бұдан да маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

"Шеруді өткізу өте қымбат. Бұл жанар-жағармай, жол ақысы, қызметкерлердің тамағы. Не маңыздырақ болды - оқу-жаттығулар өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру ме, әлде парадқа қатысу ма? Осы жағдайда Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмаларын орындауды ескере отырып, осы кезеңде Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен дайындығымен айналысу барынша орынды деп есептейміз", – деді Руслан Жақсылықов

Бұл ретте министр 9 мамыр – Жеңіс күніне орай жоспарланған барлық іс-шаралар жүзеге асырылатынын баса айтты. Барлық ардагерлерді құттықтап, оларға ақшалай көмек көрсетіледі.

"Сіз шатастырып жатырсыз. 7 мамыр – Қарулы күштер күні, 9 мамыр Жеңіс күні. Шеру Жеңіс күніне емес, Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналар еді. Сіз айырмашылықты салыстырыңыз. Жеңіс күніне жоспарланған шаралар ардагерлерімізге құрмет көрсету болып табылады. Олар жоспар бойынша жүріп, ардагерлерге атқарушы билік тарапынан төлем жасалатын болады. Біз оларды құрметтеп, құттықтаймыз", – дейді Руслан Жақсылықов

Еске салайық, 13 сәуірде Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған әскери парад жоспарланбағаны белгілі болды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x