Жұмыссыздық пен жоқшылық отбасының шаңырағын шайқалтып тынады - Мәжіліс депутаты

Dalanews 30 нау. 2022 12:55 239

Бұдан былай әйелдерге қатысты әлімжеттік пен зорлық-зомбылыққа жол бергендердің жазасы ауырлай түседі.

Мәжіліс депутаты Әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Ләззат Рамазанова бұдан былай Үкімет, Бас прокуратура және жергілікті әкімдіктермен тығыз жұмыс істемек деп хабарлайды Dalanews.kz.

Комиссиясының кезекті отырысында еліміздегі отбасылық-демографиялық аухал сөз етіліп, осы бағытта комиссия мүшелері атқарған іс-шаралар қорытындыланды.

Былтыр отбасылық құндылықтарды дәріптеуге 322 млн теңге бөлінген, бұған еліміздің 5 бірдей өңірінде 130-дан аса әлеуметтік жоба іске асырылған.

«Отбасылық құндылықтар тек жанұяның шеңберімен шектелмейтіні белгілі. Комиссияның мұрындық болуымен «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы құрылған. Қазір бұл ұйымға 200 мыңнан астам бала мүшелікте. Қозғалыстың көмегімен бірталай тәрбие жұмыстарын жүргіздік. Ол өз нәтижесін беруде. Былтырғы жылы оқушылар мен жеткіншектердің қолымен жасалған қылмыс көрсеткіші 20 пайызға дейін төмендеді», – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

Жиында сонымен қатар Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының былтырғы жылғы нәтижелері сөз болды.

Ләззат Рамазанованың атап өткеніндей өмірде, тұрмыста қиын ахуалға тап болған жанұяларға көмек көрсету жұмысы біртіндеп бір ізге түсіп келеді, бұл бағытта министрліктер мен әкімдіктер бірлесе қимылдаудың алгоримдерін әзірлеген.


Комиссия сонымен бірге еліміздің Сыртқы істер министрлігімен қойын-қолтық жұмыс істеуде. Қазақстандағы гендерлік теңдік тақырыбын халықаралық алаңда талқылау жұмысы жолға қойылған.

«Нәзік жанды қауымның экономикалық белсенділігін арттыру үшін әйелдердің құқығын кеңейту маңызды. Қыз-келіншектердің мүмкіндігі кеңейген кезде елдің экономикалық әлеуеті артады. Бұл тек бізге қатысты емес, әлемнің барлық дамыған елдері осы жолдан өткен.

Өркениет көшіне ілескен ел әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермейді. Бұл үшін отбасындағы ұрыс-керісті азайтудың амалдарын іздеуіміз керек.


Комиссиясы мүшелері мұның түп-тамырына үңіле білді. Тұрмыстық жанжалдың негізгі себебі – жұмыссыздықтан туындайды. Жоқшылықтың соңғы айғай-шуға ұласып, ер-азаматтың жұбайына қол көтеруімен аяқталады.

Тұтастай алғанда материалдық мәселелер кез-келген шаңырақтың іргесін шайқалтып тынады. Тоқ етерін айтқанда, отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту үшін әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлу керек», – дейді Ұлттық комиссия төрағасы.

Оның пікірінше жергілікті «акиматтар» проблемалы отбасылардың статистикасын жүргізгені жөн. Оларды есепке алу аса маңызды. Қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға қол ұшын созу Үкіметтің негізгі басымдығы болуы тиіс.

«Ұрыс-жанжалдың түп-төркіні әлеуметтік проблемадан туындайды. Жоқшылық ерлі-зайыптылардың берекесін кетіреді. Мінекей, осы мәселеге шұғыл түрде көңіл бөлінуі керек. Дағдарысқа тап болған отбасы өзін жалғыз қалғандай сезінбеуі тиіс. Оған қол ұшын созатын тетіктерді қалыптастыру аса актуалды мәселе», – дейді Ләззат Рамазанова.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x