Ішкі істер министрі Алматы академиясының болашақ IT мамандарымен кездесті

Dalanews 16 сәу. 2022 18:32 282

ҚР Ішкі істер министрі М. Ахметжанов Алматыға келген жұмыс сапары кезінде М.Есболатов атындағы Алматы академиясына келіп, жеке құраммен және академия тыңдаушыларымен, курсанттармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында бірінші кезекте Академия бастығы полиция полковнигі А.Сайтбеков ішкі істер министрін оқу орнының тарихымен таныстырып, бүгінгі оқу процесіндегі өзгерістерді баяндады.

Ішкі істер министрі академияны аралау кезінде оқу процесіне енгізілген, оның ішінде киберқылмыс, есірткі және экстремизмге қарсы іс-қимыл аясындағы   заманауи ақпараттық технологияларға қызығушылық танытып, жеке құрам мен ғылыми қызметкерлердің алдында сөйлеген сөзінде оқу орнының жаңа форматтағы кадрларды оқыту мен тәрбиелеудегі рөлі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«Қылмыстың алдын алуда оның жасалу себептеріне талдау жасаудың маңызы зор. Біз бұған Ішкі істер министрлігінің жүйесін толықтай цифрландыру және оңтайландыру арқылы қол жеткізетін боламыз» – деді министр. Сондай-ақ ол бүгінгі күннің талабы – бюрократиядан арылу екеніне де тоқталды.

Құқық қорғау органдарының ішінде ішкі істер органдары халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін орган. Марат Мұратұлы биылғы қаңтар оқиғасы кезінде полиция қызметкерлерінің  өз міндеттерін орындаудағы жауапкершілігі мен антқа адал болудың үлгісін көрсеткенін, оны Мемлекет басшысының да бағалағанын ерекше атап өтті.

Ішкі істер органдары үшін білікті де білімді кадрлар даярлауда ведомстволық оқу орындарының атқаратын роліне тоқталған министр ведомстволық оқу орындары қызметкерлерінің еңбегін ынталандырудың маңыздылығына тоқталды. Ғылым мен тәжірибені ұштастыруда тәжірибелі оқытушы мамандарды оқытушылыққа тарту қажеттігін де айтты.

«Біз бүгін жаңа мемлекет құруға жаңа міндеттермен кірістік. Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құрудағы басты талабы – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Демек, Алматы академиясы осы талап үддесінен шығады деген сенімім мол» – деді М.Ахметжанов өз сөзінде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x