Назарбаевтың сантехник інісі қайда жүр?

Dalanews 13 сәу. 2022 12:12 212

Dalanews.kz сайтына тиесілі «DALA инсайд» телеграм арнасы «ведомствоаралық тергеу тобы экс-президенттің туған інісі Болат Назарбаевтың үстінен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын» хабарлады.

«Ведомствоаралық тергеу тобы (ҰҚҚ, Антикор, ҚМА) Болат Назарбаевтың мемлекеттен кең көлемде ақша жымқыру фактілерін және ең бастысы – «Қаңтар оқиғасын» ұйымдастыруға қатысы бар-жоғын тергеуде. Бұл туралы органдарға жақын «DALA инсайд» дереккөзі хабарлады. Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалдыны тергеу процессінің экономикалық кезеңі аяқталуға жақын және қазіргі фокус «Қаңтар оқиғасын» ұйымдастыру барысына ауысты. Тергеу осы істерге Болат Назарбаевтың қатысы бар ма, соны білгісі келеді», - деп жазды телеграм арнасы.

Алайда ресми БАҚ-та бұл туралы айтылған жоқ.

Болат Назарбаевтың «қаңтар оқиғасынан» кейін Қырғызстан арқылы БАӘ-не ұшып кеткені туралы жаңалық тараған. Қырғызстанның «24.kg» жаңалықтар сайтына 12 қаңтарда шыққан ақпаратқа сәйкес, экс-президенттің інісі көрші елдің шекарасына жеке көлігімен кірген.

«Әлеуметтік желілерде Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат қырғыз-қазақ шекарасын кесіп өткені туралы құжат тарап жатыр. Құжатта Болат Назарбаев 2022 жылғы 6 қаңтар, сағат 5:36-да Қырғызстан аумағына автокөлікпен кіргені көрсетіледі. 24.kg-нің сенімді дереккөздерінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі шекараны «Ақ Жол-автожол» (Қырғызстан) - «Қордай — автожол» (Қазақстан) БӨП арқылы кесіп өткені белгілі болды.»Болат Назарбаев Қырғызстан аумағына 6 қаңтарда кірді. Ол сол күні «Манас» әуежайынан Бішкек-Дубай бағыты бойынша ұшып кетті», - деп хабарлады редакция.

6 қаңтар күні Қырғызстанның «Манас» әуежайына Назарбаевтардың жекеменшік ұшағы саналатын Bombardier Global Express ұшағы Абу-Дабиден келіп қонған. Сол түні Болат Назарбаев ұшып кетеді. Манас әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова ұшақ ішінде кімнің болғанын хабарламаса да, 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ ұшқанын растаған.

Осы хабардан кейін Болат Назарбаевтың Қазақстанға оралғаны туралы ақпарат шықпаған. Соңғы уақытта БАҚ бетіне Болат Назарбаевтың «қысымына ұшыраған» азаматтар шындығын айтып шығып жатыр.

Алматы облысындағы «Almaty Steklo» зәулім зауытының тең құрылтайшысы және бас директоры Әзім Абдуллаев өндіріс орнынан түсетін пайданың 50 пайызын экс-президенттің інісі Болат Назарбаев тартып алып отырғанын айтқан. Әзім Абдуллаевтың айтуынша, 2016 жылы зауыт ашылғаннан бері ай сайын Болат Назарбаевқа 250-300 мың доллор төлеп отырған. Кәсіпкер бір ғана зауыт емес, Қарасай ауданында орналасқан «Бахар» мейрамханасының, «ликер-ішімдік шығаратын Шалқар -17» зауытының түсіміне Нұрсұлтан Назарбавтың інісі ортақтасқанын айтқан.

«Онымен бірге жұмыс істеген 15 жылдың ішінде 60 миллион доллор бердім», - дейді Абдуллаев.

Сонымен қатар былтырдан бері қамауда отырған «Parmigiano Group» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы және Алматыдағы «Esentai City» жобасының авторы Алмас Әбдіғаппаров және оның туыстары бұған дейін «Болат Назарбаевтың адамдары» олардың отбасының бизнесін иемденгенін мәлімдеген болатын.

Сәуірдің бірінде Болат Назарбаев «түрмеге жапқан азамат» туралы «acca.media» сайтына мақала жарық көрді. Мақалада былай делінген:

«Беріктас ауылында ат жарысы болады. Жарыста Есбол Жапбасовтың жүйрік тұлпарлары бірінші болып келіп, ол екі көлік ұтып алады. Оның Самал атты жүйрігіне Болат Назарбаевтың көзі бірден түседі. Назарбаев сол кездегі Талғар ауданының әкімі (2020 жылы шілде айында қайтыс болған) Жолан Омаров арқылы Жапбасовтың тұлпарын өзіне беруін сұратады. Бұрынғы әкім Есболға «болашақта қиындыққа тап болмау үшін тұлпарды Назарбаевқа бергені дұрыс екенін» айтады. Алайда Есбол бұл ұсыныстан бас тартады. Сол үшін Есбол Жапбасовқа контрабандамен айналысқан деген жала жабылып, 14 жылға бас бостандығынан айырады. «Біз туысымыздың ізіне түскенін бірден түсіндік. Бір күні Ербол жоғалып кетті. Біз іздей бастадық. Оны екі апта бойы таба алмадық. Сосын бізге ҰҚК қызметкері хабарласып, Есболдың қауіпсіз үйде отырғанын айтты және оны жақында еркіне қоя беретінін айтты. Бірақ оны босататын күні Есболдың жаңадан салынып жатқан үйіне автомат, көлігіне тапанша салып қояды. Осылайша ҰҚК суық қаруларды өзі тапқан болып, соны алға тартып түрмеге отырғызды», - дейді Есболдың туысы Әділхан Шынтасов.

Айта кетейік, биылғы наурыздың ортасында Қаржы мониторингі Болат Назарбаевқа және Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар заңсыз майнинг фермалар табылғанын хабарлаған болатын.

«Тексеру барысында 55 майнинг фермасы өз еркімен жұмысын тоқтатты және жабдықтарын алып тастады. Оларға қайта бастауға рұқсат етілмейді. 51 компания заңсыз жұмыс істеді. Олар электр желісіне заңсыз қосылған, арнайы экономикалық аймақтарда заңсыз орналастырылған, салық пен кедендік баж салығынан жалтарған. Олардың барлығы электр қуатынан ажыратылды», - деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.

Агенттіктің хабарлауынша, майнинг жабдықтары Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, Сингапур және Қытайдан контрабандалық жолмен әкелінген. Қытайдан 2,8 млрд теңге сомасына мыңнан астам майнинг жабдықтары Алматыдағы майнинг фермаға контрабандалық жолмен әкелінген.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін еліміздің түкпір-түкпірінен Болат Назарбаевтан зәбір көрген азаматтар БАҚ бетіне шығып, оның қиянаты туралы айта бастады. Ендеше Болат Назарбаевтың үстінен тергеу жүргізілуі бек мүмкін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x