Back

Махамбет Досмұхамбетов: «Атырау мұнай өңдеу зауыты 20 түрлі өнім шығарады»

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов осымен 19-шы рет ұйымдастырылып отырған «Атырау мұнай және газ» атты өңірлік көрменің салтанатты ашылуына қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрменің салтанатты ашылуында облыс басшысы бірнеше жылдан кейін қайтадан жалғасын тапқан ауқымды салалық іс-шараға қатысушыларды құттықтап, табыс тіледі.

– Коронавирус пандемиясына байланысты ұзақ үзілістен кейін мұнай-газ саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі жұмысын қайта жалғастырып отыр. Көрме мұнай компаниялары мен басқа компаниялардың өкілдері арасындағы тікелей диалог орнатудың тиімді алаңына айналды. Мұнда мұнай-газ саласының жаңа жабдықтарымен, қызметтерімен және технологияларымен танысуға мүмкіндік мол. Шикізат базасының болуы өңірді мұнай-химия, энергетика, құрылыс индустриясы және басқа да салаларды дамытуға қуатты серпін беретін ұлттық мұнай-газ кластері үшін өте тиімді орынға айналдырып отыр, – деген Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысы республикада инвестиция тарту бойынша көшбасшы екенін, ал Қазақстанда өндірілетін қара алтынның  шамамен 55%-ы мұнайлы өңірге тиесілі екенін атап өтті.

Көрмені аралап шыққаннан аймақ басшысы басқа да қатысушылармен бірге мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі «Жаңа бағыт – жаңа технологиялар» атты пленарлық отырысқа қатысып, сөз сөйледі:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жұмыстарын жалғастыру бойынша тапсырмалар берді. Осыған орай жоғары өңделген өнім шығару мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берудеміз. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты шикізатты терең өңдеп, қазірдің  өзінде өнімнің 20-дай түрін шығаруда. Мұнай мен газ өндірісі негізінде жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өнеркәсібін қарқынды дамытуға күш салып жатырмыз, – деді.

Сондай-ақ, өңір басшысы мұнай-газ саласының болашағы  зор екенін, оның алдағы жылдары ел экономикасында алатын маңызды орнын айтып, соның ішінде Атырау облысының рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, алдағы жылдары Теңіз кен орнында Келешек кеңею жобасы іске қосылып, Қашағандағы өндіріс ұлғайғанда, облыстың республикадағы мұнай өндірудегі үлесі 65%-ға жетпек.

Пленарлық отырыста ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар, «IMB орталық» мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту халықаралық орталығының бас директоры Марат Кәрімов өз пікірлерін білдірді.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде қуаты жылына 1 млрд. м3 газ өңдеу зауытын салу, газды кері айдау компрессорларын жаңғырту және басқа да инвестициялық жобалар іске асырылуда екенін жеткізді.

Ал, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев бұл саладағы жұмыстарды жетілдіру бағытында қолға алынған іс-шаралар туралы айтты.

Бұдан соң аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыс әкімдігі ұйымдастырған Көрме орталығында «Атырауда жасалған» жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне» қатысып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Көрмеге ауыл, аудандарды қоса алғанда облыс бойынша 130-дан астам өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін қойыпты. Бұдан кейін облыс әкімі «Жергілікті қамтуды дамыту» форумына қатысып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың маңызын атап өтті.

Форум аясында бірқатар жергілікті тауар өндірушілер мен ірі компаниялар арасында ынтымақтастық меморандумдары жасалды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіру мақсатында, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы, «Даму» КҚҚ, «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» және ӘКК «Атырау» АҚ өкілдері арнайы бұрыш ұйымдастырып, қызығушылық танытушыларға кеңестер берді.

Айта кетейік, көрме жұмысына Түркия, АҚШ, Нидерланды, Ресей, Белоруссия сында елдерден 70-ке жуық, сондай-ақ қазақстандық компаниялар қатысуда. Үш күнге созылатын көрме аясында тақырыптық семинарлар, екіжақты кездесулер мен басқа да іс-шаралар өткізіледі.

 

Тағы оқыңыз:

Атырау. Субсидиялаудағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіріп, жемқорлықтың жолын кесу керек