Маңғыстауда мәслихаттың сессиясында ауыз су ісіне айрықша көңіл бөлінді

Dalanews 30 нау. 2022 10:19 271

Күні кеше ғана Маңғыстау облысында жетінші рет шақырылған облыстық мәслихаттың тоғызыншы сессиясы өтті. Алқалы басқосуға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, оның орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен, облыстық мәслихаттың хатшысы Нури Тұмышев облыстық мәслихаттың атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Маңғыстау облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Марат Себасов қоғамдағы әлеуметтік мәселелер мен құқықтық тәртіпті қозғап, сөз сөйледі. Комиссия төрағасын тыңдаған мәслихат депутаттары сайлаушыларынан келіп түсетін сұрақтарды бақылауға алуды, сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында қаралатын мәселелерді дайындауға белсенді қатысуды ұсынды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Әлмұхаммед Құттымұратұлы облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша бюджетті нақтылау 2021 жылы қалыптасқан кредиторлық берешекті өтеуге, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды, сондай-ақ жергілікті бюджеттің жедел іс-шараларын іске асыруға бағытталған.

– 2021 жылы жергілікті бюджет кірісінің жетіспеушілігінен шығындарды өтеу мәселесі туындады. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша кредиторлық берешек пайда болды. Кредиторлық берешектің жалпы көлемі 6,1 млрд теңгені құрады, – деді Әлмұхаммед Құттымұратұлы.




Бюджетті нақтылаудың екінші бағыты партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы және облыстың кешенді жоспары шеңберінде іске асатын шараларға арналған. Аталған жұмыстарды қаржыландыру үшін 1,1 млрд теңге бөлу ұсынылады. Қаражат Президенттің тапсырмасына сәйкес 12 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. 7 ауылда су тұшыту қондырғыларын орнатуға және сорғылар сатып алуға 225 млн теңге қажет. Бұл жобалар Ақшұқыр, Ақмая, Боздақ, 15 станция, Қияқты, Тиген және Тасмұрын ауылдарында іске асырылатын болады.

Келесі маңызды бағыт – құдықтарды қалпына келтіру және қайта құру. Осы мақсатта Жыңғылды, Шайыр, Көгез-Ақмыш, Шебір және Онды ауылдарындағы құдықтарды қайта жаңартуға 39 млн теңге бөлінді.


Үшінші бағыт бойынша Жаңаөзен қаласын дамытуға, коммуналдық тұрғын үй шығындары мен қоғамдық қауіпсіздікке қаражат бөлу жоспарлануда.

Жиын соңында Нұрлан Ноғаев жиналғандарды жаңа Қазақстанды құруда ауызбіршілік пен ұйымшылдыққа шақырды.

– Президент азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тапсырма жүктеді. Біздің басты күшіміз әділеттілік пен ашықтықта. Осы екі фактор болған жағдайда ғана біз қолда бар ресурстарды дұрыс пайдаланып, жоспарларымызды тиімді іске асыра аламыз, – деп Нұрлан Ноғаев өз сөзін қорытындылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x