Түркістан: Мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы қазығұрттан басталды

Dalanews 16 нау. 2022 00:43 271

Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясын модернизациялауды тапсырған болатын. Соған сәйкес партияны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында Орталық аппараттың бастамасымен шалғайдағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасы басталды. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өтініштерін аудан орталықтарына бармай тікелей жеткізуіне мүмкіндік тудырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін алғаш рет осы  жоба Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының 3 ауылдық округінде өтті. Облыстық басқарма өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құрылымдық сала мамандары аталған 3 ауылдық округке барып, жергілікті 125 азаматтың талап-тілектерін тыңдады. Тағы 2 елді мекен тұрғындарымен кездесу 16 наурыз күніне жоспарланған.

С.Рақымов ауылдық округінде өткен мобильді қоғамдық қабылдауда 67 азаматтың арыз-өтініштері қаралды. Онда көтерілген мәселелердің басым бөлігі жайылым жер, ағын су, каналдарды тазалау мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты болды. Мәселен Көкібел елді мекенінің тұрғыны Б.Абдиров бірден 4 мәселеге шағымданды. Айтуынша,  80 тұрғын үй каналдағы ағын суды пайдаланады және оған механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар күл- қоқыс тазалайтын полигонның қараусыз қалуы, өзіне тиесілі жерге қатысты заңсыздықтың орын алуы және елді мекенге жаңа стадион салу жайы алаңдатанынын жеткізді.

Ал Жаңабазар елді мекеніндегі 10 азаматтың талап-тілектері бір-біріне ұқсамайды, қайталанбайды. Атап айтқанда, А.Жаналиев «Бейнеткеш» мөлтек ауданына елді мекен статусы қайта берілсе деген өтінішін білдірді. Бұдан бөлек Ә.Қуатбай облыстық маңызы бар КХ-29 жолын қайта күрделі жөндеуден өткізу керектігін назарға алуды сұрады. Қабылдауда сонымен қатар елді мекеннің инфрақұрылымы, жайылым жер, жастарды қолдау үшін үйірмелер ашу мен әлеуметтік мәселелері де көтерілді.


Мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері мұнан соң Жігерген ауылдық округінде болды. Онда 15 азамат асфальт жол салуға, электр бағаналарын жаңартуға, жайылым жер, көпір салып беруге, ауыз сумен қамтамасыз етуге, жол кедергілерін орнатуға ықпал көрсетуді айтты. Елді мекен тұрғыны Е.Шынтаев Мәдениет үйінің құрылысы басталғанымен, қай уақытта пайдалануға берілетінін анықтауды сұрады. Қабылдау сәтінде биыл пайдалануға берілетіні хабарланды.

Атап өтерлігі, аталған жоба 15 наурыздан бастап 1 маусымға дейін жалғасады. Яғни мобильді қоғамдық қабылдау арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекенін қамту жоспарланған. Әр аудан, қаладағы 5 елді мекенде қабылдаулар өтеді. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе жіті бақылауға алынып, тиісті органдар арқылы оңтайлы шешілуіне дейін партия филиалының назарында болады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x