Cоңғы жаңалықтар
Back

Ел тірегі – еңбек адамы

“Қаңтар қасіреті” тарихымызға өшпес із қалдырды. Оның мәнін, маңызын, себебі мен салдарын анықтау мемлекеттің ертеңі үшін қажет. Президенттің бұл істің ақ-қарасын ажыратып, биліктің бұрынғы қателерінен сабақ алуға тырысуы көңілге үміт әкеледі. Сол бір қиын сәтте халықтың күткені – Президент болды, халықтың сүйенгені де – Президент еді. Соны жан-тәнімен сезініп, халықпен бірге болғаны үшін, бүлікті дер кезінде тоқтата алғаны үшін, мемлекеттік төңкерістің алдын ала білгені үшін Президентке ризамыз. Көпшілік әрі сынап, әрі қолдау күткен осы бір сындарлы шақта Мемлекет басшысы ел көкейіндегі ойды айтып, елді біріктіретін іс-әрекет жасады. Елдің сеніміне ие болды. Енді осы сенім арта түсу үшін халықтың үнін естіп, ұсыныс-тілегіне сүйене отырып әрекет жасау керек.

Әлемдегі жетекші елдердің алдыңғы қатарында тұрған Жапонияның тарихында орталықтанған басқару жүйесінің құлдырауы себебінен бір кездері анархия жайлаған еді. Алайда төрт ғасырға созылған аласапыран заманға қарамастан күншығыс елі тығырықтан шыға білген. Ақыр аяғы орталықтанған басқару жүйесі қайта орнап, жапондықтар дамудың даңғыл жолына түскен еді. Мұның құпиясы бірнеше фактордан құралады. Ең негізгісі – жерге иелік еткендердің адал еңбек етіп, шаруашылықтарын бір күн үзбегендігінде. Саяси жүйенің сергелдеңіне қарамастан әр жапондық аянбай тер төкті, напақасын тауып, маңындағы адамдарға қамқор бола білді. Құзыреті әлсіреген императорынан үміттері үзілсе де, мемлекетінің нығаюына, тұғырының шайқалмауына сеп болды…

Дәл қазір Қазақстандағы саяси-экономикалық жағдай осындай қалыпта. Бұл ретте айтатыным бір ғана ой – еліміз саяси күйзеліске түспеуі үшін еңбек адамы көп болуы тиіс! Еңбек адамы елінің асыраушысы, арқасүйері. Аграрлы саланың жалпы ауылдың стратегиялық маңызы осында жатыр. Ауыл шаруашылығындағы осындай өзекті мәселелерді Президентіміз алдағы уақытта ескерсе екен деген тілегіміз бар. Мемлекет басшысының ел басқарудағы негізгі ұстанымы – Еститін мемлекет құрумен өзектес. Ол өзі де халықтың үніне құлақ түріп, мұңын тыңдаудың, қадамын ел тілегіне қарай үйлестірудің үлгісін көрсетіп отыр. Президент мемлекетті дамытсам, ілгерілетсем деген ізгі ниетімен бөлісіп, негізгі ұстанымдарын көпшілікке ашық жеткізуде. Алайда, “Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес” демекші, айтылған, қолға алынған бастамалар орта жолда қалмас үшін халық Президенттің маңайына топтасқаны абзал.

Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін сабақ болды. Бұдан ең алдымен  шенеуніктер сабақ алуы тиіс. Ауыл әкімдерінен бастап, орталық атқарушы органдардың жетекшілеріне дейін халық сұранысына зейін қойып, сұрағанын беруі қажет. Шенеуніктердің барлығы жұмысты Президентке есеп беру, жақсы көріну үшін емес, халық үшін, ел игілігі үшін жасаса нәтиже ұзақ күттірмес еді. Мұны Мемлекет басшысы да айрықша тапсырып отыр. Жалпы әр мемлекеттік қызметкер үйреншікті принциптерге қарама-қайшы болса да батылдық танытып көпшіліктің мүддесіне жұмыс істеуге міндетті.

Кеше ғана аграрлық саласы көзге көрінбеген Өзбекстан үкіметі халықтың қолына мал беріп, ауыл шаруашылығын түлетуге бел буды. Ресей болса үй шаруашылығын қолға алған ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан субсидия бере бастады. Біз ше? Аграрлы саланы бір ретке қоя алмай келеміз. Жемқорлық пен салғырттықтың нәтижесінде талай мүмкіндікті жіберіп алдық. Ауылдарды дамытудың орнына, болашағына балта шауып жатырмыз. Осы себептен ауыл шаруашылығына жан бітіруді, ауыл халқына қолдау кқрсетуді көздеген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа Қазақстан» идеясын, бетбұрыс жасау бойынша бастамасын толық қолдаймын. Бір қосатыным – металл емес, мұнай емес, тек ауыл шаруашылығын экономикамыздың діңгегі ету керек. Ауыл тұрғындарының табыс деңгейі өссе мемлекеттің тұғыры берік болады. Еңбек адамына жағдай жасау әр мемлекеттік қызметкердің бұлжытпас қағидасына айналғаны жөн. Кооперативтер дамып, жастардың бизнеске деген қызығушылығы қажет деңгейде ынталандырылып жатса Президент жанына жиналатындардың саны көбейері анық. Әрине еңбек адамы да биліктің қиын-қыстау кезеңде тұрғанына түсінушілік танытып, айтқанын тыңдап, қандай да бір қиындыққа бой бермей, жақсылыққа ұмтылып жапондықтар іспеттес мемлекетінің тіреуі болуға ниеттенуі қажет. Бұл патриотизм деп аталады. Яғни, патриотизмнің діңгегі – Мемлекет басшысының бастамасы болғаны жөн.

Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы.