Қар құрсауынан 37 адам құтқарылды

Dalanews 14 ақп. 2022 04:22 202

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында дауылды ескертулер жарияланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында республикалық маңызы бар автожолдар жабылды.

Елімізде қар құрсауында қалған 37 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды.

10  автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

Мәселен, 13 ақпанда сағат 8.22-де Қостанай облысының Арқалық қаласынан 20 шақырым жерде «Арқалық-Амангелді» автожолында құтқарушылар қар құрсауында қалған 3 жеңіл автокөліктен 17 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарды. Жолаушылар Арқалық қаласына жеткізілді. Олардың жағдайлары жақсы, медициналық көмек қажет болмады. Авариялық-құтқару операциясына Қостанай облысы ТЖД 3 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Сағат 8.38-де Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Ақтоғай-Балқаш» автожолында Ақтоғай ауылынан 30 шақырым жерде құтқарушылар жолдан шығып кеткен 2 жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне шығарды. Автокөлік салонында 4 жолаушы болған. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады. Қарағанды облысы ТЖД 5 құтқарушысы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.


Сағат 14.28-де Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы Алаш тасжолында автокөлік қар құрсауында қалды. Тез арада оқиға орнына Трэкол көлігімен барған құтқарушылар көлік иесін құтқарды. Авариялық-құтқару жұмыстарына Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД 2 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Кешке сағат 19.00-де Арқалық қаласында «Арқалық-Торғай» автожолында құтқарушылар қар құрсауында қалған 4 жеңіл көліктен 15  адамды құтқарды. Құтқарылғандар Арқалық қаласына жеткізілді. Олардың жағдайлары жақсы, медициналық көмек қажет болмады. Авариялық-құтқару операциясына Қостанай облысы ТЖД 3 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.

ТЖМ азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып,  автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды  ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 112.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x