Мәжіліс депутаттары Назарбаевтың құзіретін шектейтін заңды бір ауыздан қолдады

Dalanews 02 ақп. 2022 07:35 218

Сенаторлар «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізді. Аталған заңдағы Парламент елдің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамалары Елбасымен келісілуге тиіс деген норманы алып тастады. Конституциялық заң президенттің қол қоюына жіберілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін сенаторлар «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы Конституциялық заңға өзгерістерді қабылдады. Оған сәйкес, Елбасының Қауіпсіздік кеңесіне және Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құзіреті тоқтатылды.

Алайда заң жобасын қарау барысында Сенат Елбасымен мемлекеттік бастамаларды келісу қажеттілігін алып тастауды ұсынып, Конституциялық заң жобасын мәжіліске қайтарды.

Бүгін, 2 ақпанда өткен мәжіліс отырысында депутаттар Сенат енгізген өзгерісті мақұлдады.

– Заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында қосымша түзету енгізілді. Атап айтқанда, сенат мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасымен келісуді көздейтін бапты алып тастауды ұсынды. Себебі Конституцияға сәйкес, республика президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді. Қорыта айтқанда, парламент енгізген өзгеріспен келісуді ұсынамыз, – деді мәжілісмен, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.


Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Парламент қабылдаған Конституциялық заң мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.

ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттіктері Қазақстан президентіне берілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x