Cоңғы жаңалықтар
Back

«Департамент бастығы қорқытып, жұмыстан шығарды». Тәртіп сақшысы Тоқаевтан көмек сұрады

Павлодардағы АП-162/4 колониясының бұрынғы қызметкері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. Шағын видеода ер адам басшылық қоқан-лоқы көрсетіп, арнайы мекемедегі жұмысынан кетуге мәжбүрлегенін айтады. Шағым бойынша тексеріс жүргізіліп жатқаны белгілі болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысы ҚАЖ департаментінің АП-162/4 қауіпсіздігі жоғары мекемесі жедел бөлімінің экс-жедел уәкілі Тасболат Жақаевтың бейнеүндеуі Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланды.

Видеода полиция киіміндегі экс-қызметкер биыл 12 қаңтарда сағат 20.00 шамасында мекеме бастығының режим және жедел жұмыс жөніндегі орынбасарының бұйрығымен оған бөлім бастығымен бірге қара дорба әкелгенін, содан кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Бірақ автор дорбада не болғанын нақтыламайды.

– 2022 жылы 14 қаңтарда мені департаментке шақырды. Онда департамент бастығының орынбасары қорқытып, жұмыстан шығу туралы өз еркіммен баянат жазуға мәжбүр етті. Содан кейін мені және жасақ бастығын жұмыстан шығарды, – деді Жақаев.

Ер адам облыстық ҚАЖД басшылығына жүгінгенін, бірақ сөзіне ешкім құлақ аспағанын айтты.

– Осы жағдайды анықтауыңызды сұраймын. Әділдік орнағанын қалаймын, өйткені зейнетке шығуға екі жыл қалды. Мен – төрт баланың әкесімін. Бұған дейін қызметке қатысты шағым болған жоқ, – деді Жақаев.

Павлодар облысы ҚАЖ Департаменті қатаң режимдегі колония қызметкері өз еркімен жұмыстан шыққанын растады. Сонымен қатар, видео авторы айтқан деректер тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

– 2022 жылдың 14 қаңтарында Т.Т. Жақаевтан ҚАЖД кадр саясаты бөліміне өз еркімен Ішкі істер органдарынан жұмыстан босату туралы баянат түсті. 17 қаңтарда Павлодар облысы бойынша ҚАЖ Департаменті бастығының бұйрығымен “Құқық қорғау қызметі туралы” ҚРЗ 80-бабы 1-тармағының 5-тармақшасы бойынша ІІО-дан босатылды. Өтініште баяндалған барлық дерек бойынша қауіпсіздік тобы қызметтік тексеру жүргізеді, – деді Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі өкілі.