Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды

Dalanews 19 қаң. 2022 11:21 249

Алматыда 5 қаңтарда басталған халық наразылығы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан еді. Бейбіт митингке шыққан азаматтардың арасына арандатушылар да қосылып, полиция қызметкерлеріне қарсылық танытты. Тіпті көліктерді өртеп, дүкендер мен банк бөлімшелерін тонады. Келесі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасына іріткі салушыларды террорист деп атап, қаланы тазарту үшін антитеррористік операция басталғанын мәлімдеді.
Жол жиегінде орналасқан дүкендердің көпшілігі шабуылға ұшырап, әйнектері шағылған. Олардың бірсыпырасы жұмыстарын жалғастыра бастады. Тонаушылардың суық қолдарынан сақтанғандар мекемелерін қорғау үшін, есіктерінің алдына баррикадалар орнатып, өз беттерінше қорғанған. Осы көріністен-ақ өткен түндердің қаншалықты қиын болғанын аңғаруға болатындай.
Осының салдарынан елімізде 225 адам қаза болды. Төрт жарым мыңға жуық адам жарақат алды. Бұл әлі алдын ала жарияланған деректер. Мәліметтер әлі де нақтыланып, өзгеруі мүмкін. Азаматтардың біразы содырлардың қолынан қаза тапса, бірсыпырасы қаңғыған оқтан қайтыс болған. Осы күні біреулер әскер мен полицияны кінәлай бастады. Бұл шындыққа жанаспайды. Құқық қорғаушылар бұл күндері тек заңдылықты ғана қадағалады.
Бас прокуратура мәліметінше, «қаңтар оқиғасына қатысы бар» деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілген, 446-сы сот санкциясымен қамауға алынған. Жүзге жуық адам «ұстауға негіз болмағандықтан» босатылған.
Қазіргі уақытта оңтүстік астанадағы жағдай тұрақталып, жергілікті тұрғындар күнделікті күйбең тіршілікке бет бұра бастады. Алайда сол күндердің салқыны әлі де санада сақталып тұрғандай елес береді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x