Қазақстан Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскерін шығарып салды

Dalanews 13 қаң. 2022 11:30 136

Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін елдеріне шығарып салу рәсімі бір минуттық үнсіздікпен басталды. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борышын мінсіз орындағандары үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы өтініш жасағанын атап өтті.


"Сіздер стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еттіңізідер. Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды", – деді Мұхамеджан Таласов.



Қазақстан Қорғаныс министрінің атынан Ұжымдық бітімгершілік күштері контингентінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірілді. Бірқатар бітімгерлер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен "Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін" медальдарымен және грамоталармен марапатталды.

Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстан Республикасында мемлекеттік, әскери және әлеуметтік маңызы бар нысандарды күзету жөніндегі міндеттерді орындады.



Достық және әскери ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша бауырластық көмек ретінде Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы ел аумағына 2 030 адам мен 250 бірлік әскери техникасын жіберді.

ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін біздің елден кезең-кезеңімен шығару 13 қаңтардан бастап Қазақстан Президенті белгілеген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Олардың жалпы саны – 2030 сарбаз. ҰҚШҰ күштері екі қалада –  Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналастырылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x