Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жетісулықтар қоныстой қуанышына кенелді

Dalanews 14 желт. 2021 21:09 220

Алматы облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңірдің әр қиырында тұрғындар қоныстой қуанышына кенелуде. Осы ретте Ақсу ауданында 30 жеке тұрғын үй, Қарасай ауданында танхаустарда 30 пәтер, Көксу ауданында 60 пәтерлі үй қолданысқа берілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақсу ауданының әкімі Есім Базархановтың айтуынша, ауданда Елбасы мен Президенттің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту туралы тапсырмаларын орындауға басымдық берілген. Бұл міндетті жүзеге асыруда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы үлкен мүмкіндік берді. Соның арқасында ақсулықтар мереке қарсаңында жаңа баспанаға ие болды. Үй алғандар қатарында халықтың әлеуметтік әлжауаз топтарына жататын 12 санаттағы азаматтар бар. Көп балалы аналар, жетім балалар, сол сияқты апатты үйде тұратындар да осы қуаныштың ішінде. Қолданысқа берілген жалгерлік үйлерді «Нұр-Құрылыс болашақ» ЖШС мердігер ұйымы тұрғызды. Жобаның жалпы қуаты – 503,9 млн. теңге.

Тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен Көксу ауданында салынып берілді.



«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылды құтты болсын! Бүгін, міне, кезекте тұрған 60 азамат «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған жаңа пәтерлерге қол жеткізіп отыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықты тұрғын үймен қамту туралы алдыға қойған міндеттерін орындаудың бір парасы. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», - деді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ үй кілттерін тапсыру салтанатында. Сол сияқты ауданда тағы 21 жеке тұрғын үйдің және 60 пәтерлі үй салу жоспарланып отырғанын айтты.

Осы күні Қарасай ауданында да «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде танхаустағы 30 жалгерлік пәтер көп балалы отбасыларына берілді. Сондай-ақ аудан әкімі Жандарбек Далабаев жыл соңына дейін кезектегі тағы 50 отбасы баспаналы болатынын жеткізді. Бұл қатарда жалгерлік те, несиелік те үйлер берілмек.

Сонымен қатар Шамалған ауылында 30 метрлік Ту тұғыры орнатылды, бірқатар маңызды нысандар іске қосылды. Жандосов ауылында ауылдық әкімдік «Open space» форматында жұмыс істей бастады. «Samruk Kazyna» қорының қатысуымен Әйтей ауылында спорттың белсенді түрлерімен айналысуға және жастарды саламатты өмір салтына бағыттауға барлық жағдай жасалған көп салалы спорт кешені салынып, пайдалануға берілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x