Өнегемен өрілген өмір

Dalanews 02 желт. 2021 09:12 224

Сынақ адам өмірінің қалыптасуына ықпал ететін тағдыры іспетті. Өмір жолында кездесетін кедергілерді еңсеріп, алдына мақсат қоя білгендер ғана табысқа жетіп жатады. Сондай асыл жандардың бірі Әби Сарқыншақов десек қателеспейміз. Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Қызыл Ту ауылында дүниеге келіп, небәрі бірнеше теміржолшы отбасы тұратын шағын ғана разъезде балалық шағын өткізген кейіпкеріміз ер жете жарты ғасыр бойы Павлодар темір жол бөлімшесінің дамуында өзіндік мұрасын қалдырды.

Ұлылар ауылдан шығады, дегенді Әби ағамызға қаратып айтсақ та болады. Ол №35 қазақ орта мектебін 1951 жылы бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы теміржол инженерлерін дайындайтын институтқа түсіп, «Темір жолдарды пайдалану» факультетін таңдайды. Одақ кезінде дәріс орыс тілінде жүргізілгендіктен, ауыл мектебін бітірген қазақ баласына жаңа тілді меңгеру қиынға соғады.  Әйтсе де, талабы мен табандылығының арқасында студент Әби алғашқы курста-ақ орысша өз ойын еркін жеткізіп, жаза да алатын жағдайға жетті. Сонымен қатар спортты да қатар алып жүрді. Ташкент қалалық «Локомотив» баскетболшылар командасының сапында ойнаған құрама 1955 жылы Өзбек ССР-нің чемпионы атанғаны мәлім.

 1956 жылы институт бітіргеннен кейін жолдамамен еңбек жолын  Павлодар станциясының кезекшілігінен бастайды. Ташкенттің жылы да шаймашуақ күндерінен кейін ақ түтекті боранға тап болған жас түлек үшін оңай болмайды. Ол туралы Әби Сарқыншақұлы былайша еске алады: «Студенттік жылдарым Ташкентте өткендіктен қыстың осыншалықты суық болатынынан бейхабар екенмін. Басымда баспанам жоқ, вагонның бір бұрышын паналадым. Ортадағы «буржуйка» пешінен от кетсе, жан қоса кететін. Өне бойы ақ түтек боранмен алысып, шойын жолдың бойында өткізген күндерім мені жасытқан жоқ. Қайта мақсатқа жетуіме итермеледі, қыстың суығында шыңдалдым, теміржолдың құрыштай қуаты бойыма жігер берді».

Шынында да теміржолдың құрыштай қуаты оны 26 жасында, яғни 1960 жылы Қазақ магистраліндегі жүктемесі ең жоғары Павлодар станциясының бастығы дәрежесіне дейін көтерді. 1969 жылдың басында Целиноград – Павлодар телімінде екінші жолдардың құрылысы басталып, теміржол шаруашылығы қайта құрылымдалып жатты. Сол міндеттерді абыроймен атқарған оған бөлімше бастығы лауазымы ұсынылып, жиырма жылын оның өркендеп дамуына бағыштады. Ол басқарған жылдары, яғни 1965 жылдан бастап әр жыл сайын 12 миллион тонна көмір бөлімше арқылы тасымалданатын болса, 1986 жылға қарай оның көлемі жүз миллион тоннадан асып кетті. Бұдан басқа ферроқорытпа, мұнай өнімдері, глинозем, тракторлар мен ауылшаруашылық машиналары, құрылыс материалдары да тасылып жатты.

Одақтың бірде бір бөлімшесінде болып көрмеген өсім Павлодар темір жол бөлімшесінде орын алып, жүк айналымы 12 есеге, ал жүк жөнелту 90 есеге артты. Тағы бір ерекше тарихи жайтты айта кетпеске болмас. 1986 жылдың 20-ақпанында Екібастұзда құрастырылған 440 вагондық, ұзындығы 6,5 шақырым болатын, салмағы 43407 тонналық төрт локомотив тартқан пойыз Целиноградқа дейінгі 300 шақырымды  ешбір тоқтаусыз жүріп өтті. Айта берсек, Әби Сарқыншақов басшылық еткен кезенде алып өндіріс ошақтары мен құрылыс нысандары көптеп салынып жатты. 1995 жылдарға қарай бөлімшеде жұмыс істейтін 18 мыңнан астам теміржолшы үшін баспана мәселесі  шешімін тауып, әлеуметік нысардар іске қосылды.



Әби Сарқыншақов еліміз алғаш рет егемендігін алып, жаңа нарықтық жүйеге қадам басқан кезінде де аянып қалмады.  Теміржолда темірдей тәртіп орнатып, жүктердің діттеген жеріне жетуін жіті қадағалап отырды, үлкен іскерлік танытты.  Елбасы сеніміне ие болғандығы да сондықтан. Елбасымен теміржол саласының мәселелері жөнінде әңгімелескендігін былайша еске алады: «Біздің қаладағы қазіргі Бірінші Май көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй сол кісінің қолдауымен бой көтерді. Екіншіден, Елбасы Ақсу – Дегелең (Курчатов) бағытындағы Семей арқылы Алматыға баратын тікелей теміржолдың ашылу жиынына да қатысты. Бір кезде мінберде сөйлеп тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы сәл кідірді де: «Достық» стансасын және Қытаймен араға теміржол желісін салуды алғаш айтқан мына кісі», деп көп ішінен мені нұсқап көрсетті».

Тоқсан сөздің тобықтай түйінің айтқанда, Әби Сарқыншақов бір орында жарты ғасырлық өмірін Павлодар жол бөлімшесіне арнап ғана қойған жоқ, егемен еліміздің дамуына серпін берген көптеген бастамалардың авторы да. Әби Сарқыншақұлының өмірі өнегемен өрілген. Жұмысбастылықпен отбасын ұмыт қалдырған емес.Бүгінде Төлеуқыз Сәдуақасқызымен ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немерелер сүйіп отыр. Қиындықтар мен бақытты тағдыры қамтылған  «Ұмытылмас 40 жыл» атты кітабы да жарыққа шықты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x