НАТО: Путин Украинаға жасаған агрессиясы үшін жауап береді

Dalanews 01 желт. 2021 15:01 174

Ресейдің әскери күштері Украина шекарасына жақын маңға шоғырланып жатқан уақытта НАТО Мәскеуге көрші елге жасалуы мүмкін жаңа әскери агрессиясы үшін жауап беретінін ескертті.

Ресей болса батыстың әскери альянсына "қызыл сызықтан" өтпеуге кеңес берді.

Батыстың Ресейге бағытталған ескертуі 30 қарашада Ригада НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде айтылды. Министрлер Ресей жақтан келуі мүмкін қауіпті талқыған.

Украинаның мәлімдеуінше, Мәскеу жыл басында Ресейдің батысындағы оқу аяқталған соң ондаған мың әскері мен ауыр техникасын Украинамен шекараға жақын маңға орналастырды. Киев көрші ел шабуылынан сескенеді.

2014 жылы Қырымды аннексиялап алған Ресей Украинаның шығысында Киевке қарсы соғысып жүрген жікшілдерді қолдап отыр. Кремль Украинаға шабуыл жасауы мүмкін дегенді жоққа шығарып, Киев пен оның батыстағы жақтастарын жағдайды әдейі шиеленістірді деп айыптады.

НАТО-ның әскери инфрақұрылымының Украинада кеңеюі Ресей үшін дәл осы "қызыл сызыққа" айналуы мүмкін, одан соң Мәскеу мұндай қауіптен қорғану үшін дәл осылай әрекет етуге мәжбүр болады, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин 30 қарашада "Ресей шақырады!" форумында.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг "Ресей Украинаға тағы да күш көрсетсе, сол әрекеті үшін жауап береді" деп мәлімдеп, Батыс Мәскеуге санкция салғанын еске салды. "Шабуылдауы мүмкін бе деген мәселені ұзақ талқылауға болады. Біз бәріне дайын болуымыз керек", — деді Столтенберг.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x