Ел тірегі – Елбасы

Dalanews 30 қар. 2021 14:48 179

Нұрсұлтан Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Қазақ халқы үшін Қазақстанның тәуелсіз мемлекетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы не қилы тар жол, тайғақ кешуден халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бөліскен, содан аман алып шығып, әлем мойындаған жаңа мемлекетті қалыптастырған, жаңа Астана тұрғызған, елді индустрияландырудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыттаған ұлы тұлға.

Қазақ халқының тарихи Отаны, сонау түп аталарымыздың мәңгілік бесігі, ұрпағымыздың ұлы ордасы Қазақстанды, Қазақ елін әлем халқы тәуелсіздік алғаннан жан-жақты тани түсті.

Халқымыздың тамыры терең тарихына назар салсақ, көптеген қиындықтар мен ауыртпашылықты басынан өткергенін білуге болады. Сұрапыл соғыстар да, жойқын басқыншылықтар да, тіпті ұлтты жоюды көздеген қиянаттар да қазақты айналып өтпеген. Тағдыр сынағын ел-жұрт адалдығымен, қайсарлығымен, ертеңгі күнге деген үкілі үмітімен ғана жеңді. Қазір еліміз егемен, халқымыз мамыражай күн кешуде. Түптеп келгенде, Қазақ елінің бастамалары мен ұстанымдарын жер бетіндегі барлық мемлекеттер мойындап, қуаттап, қолдау үстінде.

Тәңір, тағдыр, тарих – құдіретті күштер. Бүгінгі дәуірде біз олардың қадір–қасиетіне терең көз жіберетін болдық. Өйткені Тәңір, Тағдыр, Тарих пейілі түсіп, қазақтың маңдайына берген Нұрсұлтандай Елбасының кемел ақыл–ойы, керемет күш-жігері арқасында егеменді Қазақ елі қайта түлеп, қарыштап  өркендеді.

Елбасымыз: «Содан бері зымырап уақыт өтті. Бұл уақыт тарих үшін аз уақыт болар мүмкін, бірақ жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Соңғы жылдар ғасырға татитын оқиғалар болды десең, артық айтқандық болмас» деген сөздері әбден орынды, талассыз  шындық. Өйткені Елбасымыз Қазақ елін білімімен тәжірибесіне, ақылы мен парасатына, ар-ожданына сүйене отырып, өрге сүйреді, әлем таныған елдер қатарына қосты.

«Дәуір алмасып жатқан кезеңде өмір сүрме» деген тағылымды сөз бар. Бұл сөздің мәні терең, маңызы зор. Өйткені, дәуірдің алмасуы ел тізгінін ұстаған азаматтарға зор сенім жүктейді және орасан міндет артады. Міне, тоқсаныншы жылдардағы қиын сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы елдің сенімі мен үмітін арқалады. Арып-ашып, жадап-жүдеп, жадынан, санасынан айырылудың алдында тұрған елге шамшырақ болды. Бақытты өмірге бағыт сілтеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашатын жүйелі жоспарлар құрды.

Сол кездегі қажырлы еңбектің нәтижесінде қазақ халқы бодандықтың тас бодауынан босап, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін айқара ашты. Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, тірлігі жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, еңсесін тік көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне нық көшті. Түрлі қиындықтар ұмыт бола бастады. Бірнеше жылдың ішінде Ұлы Далада – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті егемен елдің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады.

Ұлт Көшбасшысы ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, ел-жұртты сынақтан, күрделі кезеңнен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Сондықтан да тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың қазынасын молайтып, қабырғалы ел етіп, әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігін қалай үлгі етсек те, қалай мақтасақ та жарасады.

Елбасы туралы жазылар тарихтың тамыры терең, аясы кең, маңызы жоғары. Қиын кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек те, білек те қолдайтын тілек те керек еді. Ел сенімін арқалаған Елбасы халықтың үмітін ақтады. Нұрсұлтан Назарбаевты қазақтың пешенесіне берген, халық үшін туған ұлы перзент дейтініміз сондықтан.

Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сара жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өтті. Елбасы осының бәріне шыдады. «Мұратымызға жету үшін біз осындай қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз керек»,– деді Ұлт Көшбасшысы. Осылай зайырлы, демократиялы ел атандық. Жұрт еркін жүреді, еркін сөйлейді. Бірақ демократия аузына келгенді оттау, ойына келгенді істеу емес екендігін, демократия дегеніміз интеллектуалды ақылдың билігі екендігін жұрттың бәрі түсіне бермеді. Сол бір алмағайып кезеңде Президентіміз халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты. Риза болған, әбден сенген ел ардақты азаматтың соңына ерді. Ері де елін адастырған жоқ.

Қазір егемен еліміз өркендеп, дамыды. Жоспарлар жемісін беріп, нәтижелі орындалды. Ширек ғасыр бұрын бір қырдың астында отырып, келесі қырдың басына барып келгенін жыл бойы әңгіме қылып айтатын қазақ бүгінде таңертең үйінде шай ішіп, ал, түсте бас қалада болып, кешке шалғайдағы шаңырағына қайта оралып жатса бұған ешкім таң қалмайтын болды. Ел тыныш, қоғамдық қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілген. Еліміздің талантты да алғыр жастарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білімін жетілдіруге жол ашылды. Елбасының қадір-қасиетін осы тұрғыдан да бағалауымыз керек.

Татулығы мен бірлігі жарасқан көп ұлтты Қазақ елінде бақытты өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз, шаттанамыз. Ақын М.Құрманалиннің сөзімен айтқанда:

Біздің елде бақытты ғой бар адам,

Еркіндікті ешкімнен мен сұраман.

Еңбек етем, білім алам, тынығам,

Алтын Заңды жазылған бұл қағидам.

Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін өз мүддесінен артық қоятын  Елбасының арқасында  біз, Қазақ елі, мәңгілік ел болып қала береміз. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы – ел тірегі, ұлт мақтанышы. Түркі әлемінің ең танымал тұлғасы да – Елбасы. «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» деген сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды. Сондықтан да Елбасымызбен мақтанғанымыз – елдігімізбен мақтанғанымыз.

 

Қымбат ТАҒАЙБЕК, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Заң факультетінің қылмыстық іс,қылмыстық іс-жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x