Асхат – әлем мұғалімі

Dalanews 25 қар. 2021 06:05 319

 2021 жылдың 9 –қыркүйегінде «Варке» қорының «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы жер шарының үздік 50 ұстазының есімін атады. Жаһандық сыйлық финалистерінің қатарына Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков те еніп отыр. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын ұстазбен сұхбаттасудың сәті түсіп, әңгіме тартқан едік.

 

АСХАТ-  ӘЛЕМДЕГІ 50 ҮЗДІК ҰСТАЗ ҚАТАРЫНДА

«Мен «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына қатысуды 2020 жылдың күзінде бастағанмын. Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Әлемнің әр қиырынан мыңдаған өтініш қабылданды. Осыдан-ақ шараны ұйымдастырушылардың атқарған жұмыстарының аз болмағанын көруімізге болады. «Варке» қорына мені үздік 50 мұғалімнің қатарына қосқандары және ұстаздарға дәл осындай мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіргім келеді» дейді Асхат. Жаста болса еліміздегі білікті ұстаздардың бірі. Болашақ бағдарламасының түлегі бүгінде Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

Талантты, бастамашыл мұғалімнің сабақтары оқушылар әрдайым өздеріне жаңа және қызық жаңалықтар ашатындай, зерттейтіндей, практика жасап, талдай алатындай және қорытынды жасайтындай, өз жұмысын бағалай алатындай етіп жоспарланып өткізіледі.

Бұл өз кезегінде  оқушылардың бойында тәуелсіз ойлау стилін қалыптастыру мен қабілеттерін дамытуға ықпал етере сөзсіз.  Шәкірттері «Туймаада», Жәутіков, Дарын, Оңтүстік Кореяда өткен «Молодой учёный» сынды республикалық, халықаралық олимпиадалардың,ғылыми жобалардың жүлдегерлері. Ол дәріс берген түлектердің арасында Назарбаев университеті,Гонконг политехникалық университеті, Абу-дабидегі Нью-Йорк университетінен бөлек АҚШ пен Ресей, Еуропаның танымал оқу орындарының грант иегерлері бар.

ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМДІ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді хакім Абай. Бүгінде бар білгенімді оқушыларға үйретіп келемін.

«Осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі алда істе асырмақ жоспарларымыз аз емес. Қазіргі уақытта мектептер алдында ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшыларын қалыптастыру және олардың шығармашылық белсенділігін арттыру міндеті тұр.

Мұғалімдер оқушылардың ой-өрісін дамытып, ғылымға деген қызуғушылықтарын арттыру керек деп санаймын. Қазір ғылыммен техниканың қарыштаған уақыты. Бір сәт ғылыми жаңалықтардан құр қалмауға тырысамыз. Өзің оларға барлық жағынан үлгі болу керексің. Байқауларға қатысып, ғылыми мақалалар жазып жүргенім содан да болар»  дейді Асхат Советханұлы.



Болашақ стипендиясының түлегі ұстаздықтан бөлек, ғылыми жұмыстарға ден қойған. Нәтижесінде финдік, ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып ғылыми жұмыстар жазса, енді бірде STEM бағыты бойынша елімізде 4 бірдей Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жеке –дара зерттеулер жүргізген. Үздіксіз ізденіс үстінде жүріп 3 кітаптың, 5 авторлық құқықтың 50 –ден астам ғылыми жұмыстар мен мақалалардың авторы. Еңбектері Қазақстан, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания, Украина мемлекеттеріндегі жинақтарда, газеттерде, мақалалары халықаралық «IOP Science» импакт-фактор журналында жарық көрген. Сондай-ақ   жерімізге 40 жыл қайғы-қасірет әкелген ядролық сынақтардың  қоршаған ортаға әсеріне көңіл бөліп, өңір экологиясын ғылыми-зерттеу жұмыстарына өзінің оқушыларында тартып отыр. Нәтижесінде Әлия Тұманбаева, Диана Кульгускина есімді шәкірттері республикалық “Болашаққа қадам” атты ғылым фестивалі және ЮНЕСКО-ның ұлттық сайысында лауреат атанды. Осы ауқымды үлкен жұмыстарының нәтижесінде “Невада – Семей” қозғалысының қамқорлығының арқасында   “The Kazakhstan Way of a Nuclear-Free World” – “Казахстанский путь без ядерного оружия” атты кітабы жарық көрді. Аталған кітап еліміздегі антиядролық қозғалыстың танымал белсендісі, “Невада-Семей” халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоевпен бірлесе отырып жазылды. Еңбек Германия Ұлттық кітапханасының баспасында басылып шықты.

«Мұғалімдер оқушылардың ой-өрісін дамытып, ғылымға деген қызуғушылықтарын арттыру керек деп санаймын. 11-шы сыныпта оқыған  шәкірттерім Бек Кадесов және Әлішер Рымқанмен бірге обырдың емдеу саласын зерттейтін, онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған авторлық жұмыстары үшін сертификатқа ие болды. Ал  жобаны іске асыруға 1 жарым жылдай уақыт кетті. Бұл зерттеу химиотерапия және сәулелік терапияның дәстүрлі құралдарына балама табу мақсатында жүргізілген. Көздеген мақсатқа жету үшін оқушылар физика, химия, математика, биология және компьютерлік модельдеу пәндерін қатар қарастырды. Болашақта обырды емдеу саласын әрі қарата зерттейтін боламыз. Ол үшін Семей қаласындағы ядролық медицина және онкология ғылыми-зерттеу институтымен меморандум жасау ойымызда бар.» дейді Асхат Советханұлы.  Сонымен қатар ол Қазақстанда инклюзивті білім беру саласын зерттеуді қолға алған санаулы мамандардың бірі.  Халықаралық «Болашақ» стипендиясының ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша Финляндия мемлекетінде  оқу оқып  жүрген кезде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ғана емес, «ерекше балалардың» қоғамға енуіне көмектесу жайлы ой туындапты. Зерттей, зерделей келе  тың дүниелерге қанық болып, 5 жыл көлемінде елімізде осы мәселемен айналысып, бұл жұмысқа шәкірттерін де жұмылдырып жүр. Ол Ресей және Финляндия сарапшыларымен тығыз байланысының арқасында аталмыш жобаны өз бетінше жүргізіп, оқыту семинарларын, коучингтер және шеберлік сыныптарын өткізуде. Білімді, ойы ұшқыр, жан-жақты, өнертапқышқа ұстазға қарап, қазіргі таңда білім ордаларына Асхат сияқты мұғалімдер керек деген ойға қаласың. Әр сабағын қызықты өткізіп және оқушыларды ғылымға құлшынысын оята білген жаннан үйренер дүниелер көп екен.

 

ҰСТАЗ-ОҚУШЫЛАРДАН ӨЗІН ЖОҒАРЫ САНАМАУЫ КЕРЕК

«Жетістікке жетуіме оқушыларымның септігі көп тиді. Қазір балалар жан-жақты. Тіпті кейбір ұстаздардан артық білсе, кем білмейді. Біз ескі ұғымдардан арылып, жаңаша білім беру жүйесін кеңінен қолдану керекпіз. Әсіресе жаңа технологияларды пайдалану арқылы, алдымыздан зор мүмкіндіктер айқара ашылады. Ұстаз үнемі өз-өзімен, қарым-қатынас стилімен, оқушылардың төңірегіндегі мінез-құлықпен жұмыс істеуге тиіс. Мұғалімдер оқушылардан өздерін жоғары, білімді санамауы керек.



Мұндай стиль өткеннің сарқыншағы.   Өйткені біздің балалар көп жағдайда бізден артық біледі. Оларға кез-келген ақпарат қолжетімді. Сол арқылы көп біледі. Бұл білімді сабақта қолдану керек. Тіпті өзіңді дамыту үшін де. Ұстаз барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек. Сондай-ақ, балаларды белсенді жұмысқа тарту арқылы, олардың ұйықыда жатқан қабілеттерін оята алмыз. Мұнда оқушыларға дифференциалды көзқарас қажет. Дарынды балаларға мұғалімнің көмекшілері ретінде қатысу өте қызықты. Олар қалған балаларға тақырыпты түсінуге көмектеседі,өткен материалды бір уақытта бекіте отырып, олардың қателіктерін көрсетеді. Бұл өз кезегінде  оқушылардың бойында тәуелсіз ойлау стилін қалыптастыру мен қабілеттерін дамытуға ықпал етпек» деп бүгінгі білім жүйесіне де қатысты ойын білдірді Асхат Жұмабеков.

Global Teacher Prize-ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫМЕН ТЕҢ

Global Teacher Prize   өз мамандығына айрықша үлес қосқан мұғалімге 1 миллион ақш доллар сыйлығын беретін жыл сайынғы халықаралық байқау. Ұстаздар арасында Нобель сыйлығымен пара-пар. Биыл Әлемнің 121 мемлекетінен 8000 –нан аса ұстаздар бақ сынап, Global Teacher Prize 2021 сыйлығына үздік деп 50 мұғалім іріктеліп алынды.  Қатарында қазақ баласы да бар.  Асхат Жұмабековтың еңбегі еленіп,  жер шарында мамандығы бойынша алдыңғы қатарда болуы кездейсоқ емес.  Алдымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты 20 мектеп ұстаздарының арасында1 –ші орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге өтіп , елімізде «Үздік педагог» атағына  ие болды. Ал 2019 жылы «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанды. «Соңғы 8 жылдан бері менің кәсіби маман болып қалыптасуыма, дамуыма үлес қосып келе жатқан мектебіме ерекше алғысымды айтқым келеді. Бүгінде Зияткерлік мектеп өз шәкірттерімен бірге ұстаздарының да бірге өсетіндігін дәлелдеді. Менің оқушыларым –менің қолдаушыларым. Маған сенім артып, кәсіби өсуіме мүмкіндік берген ҚР БҒМ, басқарма ұйымына, мектеп әкімшілігіне алғысым шексіз. Оларсыз жеңіске жету мүмкін емес. Отандық білім саласының өзге елдерден еш кем емес екенін сенімді түрде айта аламын. Бұл сынға қатысу мен үшін педагогтік қызметімнің жаңа бір белесі деп білемін.» - дейді Асхат Жұмабеков өз сөзінде. Жуырда ол ұстаздарға арналған Нобель сыйлығының баламасы болып саналатын «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының Амбассадоры атанған болатын.

«Білім-инемен құдық қазғандай». Қиын да қызықты жолда аянбай еңбек етіп, білімді жас ұрпақ тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген Асхат Советханұлы өзінің еңбекқорлығы мен, ізденімпаздығы мен әр жанға үлгі болса керек. «Жас келсе іске» деп тегін айтылмаса керекті.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x