Путин Әлиев пен Пашинянды кездестіреді

Dalanews 24 қар. 2021 04:15 326

Ресей президенті Владимир Путин осы аптада Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжанның мемлекет басшысы Илхам Әлиевпен кездеседі.

Ақпаратқа қарағанда, үш тарапты кездесу Путиннің ұсынысымен Қара теңіз жағасындағы Сочиде өтеді. Кремль мәліметінше, келіссөз былтыр қарашадағы оқ атуды тоқтату бойынша келісімнің бір жылдығына бағытталған.

Армения мен Әзербайжан былтыр күзде 44 күн бойы Таулы Қарабақ аймағында соғысқан. Ереван соғыста Арменияның және Таулы Қарабақтың 3 700-ден астам тұрғыны қаза тапқанын хабарлаған. Баку 2 900 азаматын жоғалтқанын мәлімдеген.

Соңғы уақытта Армения мен Әзербайжан шекарасында жағдай қайта өршіп тұр. 22 қарашада Армения шекарадағы сарбаздың өлімін Әзербайжаннан көрген. Ресми Баку Ереванның айыптауын теріске шығарып, "біздің әскерилер оқ атқан емес, жағдай тұрақты" деп пікір білдірген.

Арменияның қорғаныс министрлігі хабарлағандай, бір апта бұрынғы қақтығыс кезінде кемінде бір сарбаз қаза тапқан. 13 әскер әзери қарулы күштері тарабынан тұтқындалған, тағы 24-і хабарсыз. Әзірге олардың тағдыры туралы мәлімет жоқ. Осыған дейін армениялық 15 әскер оққа ұшқаны хабарланған. Әзербайжан жеті әскерінің оққа ұшқанын айтып жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x