Back

Азаматтық форумның екінші күні «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам» мәселесі талқыланды

Х Азаматтық форумның екінші күнінде іс-шаралар желісі “Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам” тақырыбына арналды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшылар қоғамдық бақылау, ашық үкімет, жергілікті өзін-өзі басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, үкіметтік емес сектордың билік институттарымен өзара іс-қимыл динамикасы және ауылды жерлердегі азаматтық белсенділікті дамытуды қарастырды.

Форумның екінші күнінің қорытынды бөлігінде, пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік мәселелерді шешуге және еңбек нарығындағы сын-тегеуріндерге қатысты сараптамалық талқылаулар өтті.

“Қоғамдық кеңестер: тәжірибе мен перспективалар” атты екінші күннің сараптамалық талқылауында пікірталасқа қатысушылар осы бір маңызды азаматтық институт жұмысының өзекті бағыттарын атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, үшінші шақырылымдағы Қоғамдық кеңестер мүшелерінің алдағы 2024 жылға дейінгі кезеңдегі қызметінің маңызды бағыттары – оларды институционалдық дамыту және өңірлік, республикалық инфрақұрылымды нығайту мәселелері, жергілікті маңызды мәселелерді шешуге азаматтық қоғам институттары мен халықты тарту, мемлекеттік билік органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы болады.

“Сыбайлас жемқорлыққа мәселелеріне мүлдем төзбеушілік” пікірталас алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың тиімділігі қозғалды. Сарапшылар өңірлік және ұлттық деңгейлерде бюджетті қалыптастыру кезінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, теріс нәтижесі мемлекеттік органның шешім қабылдауына мүмкіндік бермейтін міндетті қоғамдық сараптама ретінде бюджет процесіне қоғамның қатысуын заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет екенін атап өтті.

Билік пен үкіметтік емес сектор арасындағы диалог сұрағы “Ашық үкімет серіктестігі” тақырыбындағы сараптамалық талқылау барысында жалғасын тапты.

Спикерлер ақпаратты негізсіз “Қолжетімділігі шектеулі” санатына жатқызу мүмкіндігін жоққа шығару керек деген пікір білдірді.

Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 456-1-бабын қайта қарап, оған ақпаратты ұсыну, толық емес ақпаратты орналастыру мерзімдерін бұзғаны үшін және т. б. жауапкершіліктерді енгізу қажет деп санайды шараға қатысушылар.

“Жергілікті өзін-өзі басқару: азаматтық қоғамның қатысуы” фасилитациялық сессиясы кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы отырыстарының бірін жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің, сондай-ақ аудандар мен облыс әкімдерінің қатысуымен жергілікті өзін-өзі басқару проблемасына арнау ұсынылды. Бұдан басқа, ҚР Үкіметіне жергілікті өзін-өзі басқарудың даму көрінісін және ауылдық, аудандық құрылымдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қадағалауға мүмкіндік беретін статистикалық ақпаратты жинау және өңдеу жүйесін қалыптастыру туралы мәселені қарау ұсынылды.

Форумның екінші күніндегі негізгі талқылаулардың бірі “Қоғамдық бақылау – “Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің” басты құралы” тақырыбындағы пікірталас болды.

Пікірталасқа қатысқан қоғам белсенділері орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне қоғамдық бақылаудың жай-күйін көрсететін индикатор ретінде енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау үшін сарапшыларды біліктілікті даярлау және іріктеу жүйесін әзірлеу және тиісті біліктілігі бар тақырыптық сарапшылар қатарын қалыптастыру сұрағы қарастырылды.

“Үкіметтік емес сектордың билік институттарымен өзара іс-қимылының серпіні” тақырыбындағы фасилитациялық сессия барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында ҮЕҰ-мен жұмыс және өзара іс-қимыл бойынша әзірленген кешенді оқыту бағдарламасы негізінде барлық мемлекеттік органдардың өкілдерін жүйелі оқытуды енгізу ұсынылды. Сондай-ақ спикерлер форумаралық кезеңнің 4 жылы ішінде Азаматтық альянс пен отырыстарда экономика мен қоғамның түрлі секторларында азаматтық секторды дамыту бойынша жүйелі шараларды және экожүйелерді талқылауды ұсынды.

Ауылдағы азаматтық белсенділікті дамыту туралы пікірталас барысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және грант түрінде мемлекеттік қолдауды бөлу тетіктері бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысының қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Ауылда әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды жергілікті атқарушы органдар немесе ресурстық орталықтар арқылы бөлу ұсынылды.

“Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы – әлеуметтік проблемаларды шешудің пәрменді тетігі” тақырыбына сараптамалық талқылау барысында сарапшылар қоғамдық кеңестер арқылы қоғамдық пікірталастарды, ССП мониторингін ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы билік органдарының ӨСАБ-ты өңірлік деңгейде қолдау жөніндегі жауапкершілігін күшейту қажет деген қорытындыға келді.

Келесі “NEET жастары” атты дискуссияда NEET жастарымен жұмыста оларды әлеуметтендіру, әлеуметтік маңызды жобаларға тартуды күшейту қажеттілігі туралы айтылды. Сарапшылардың пікірінше, орталық деңгейдегі уәкілетті мемлекеттік органды айқындау, NEET жастарын есепке алу және статистика жүргізу әдіснамасын жетілдіру, жастардың осы санаты арасында ақпараттық және ағарту жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ NEET жастарымен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жастардың осы санатын 100% қамту мақсатында ресми статистикаға қол жеткізуін ұйымдастыру қажет.

Х Азаматтық форумның екінші күнінің қорытынды пікірталасы “Пандемиядан кейінгі кезеңдегі еңбек нарығының жаңа сұраныстары мен сын-қатерлері: білім беру жүйесі қалай қайта құрылуы тиіс” тақырыбындағы форсайт-сессия болды. Қатысушылар келесі ұсыныстарды айтты: мемлекеттік қызметшілер арасында “Шешендік өнер” сабағын өткізу, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты азайту, білікті педагогикалық кадрлармен 100% қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларын жаңа жағдайларға бейімдеу және т.б.

Бүгін X Азаматтық форумында өткен дискуссияларға Парламент Мәжілісінің депутаттары Елнұр Бейсенбаев, Айқын Қоңыров, Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Дүйсенбай Тұрғанов, Жұлдыз Сүлейменова, сондай-ақ Зәуреш Батталова, Дос Көшім, Евгений Жовтис, Андрей Чеботарев, Олег Чернышев, Марат Қоғамов, Ольга Шиян, Серік Сейдуманов, Рахым Ошақбаев, Диана Окремова, Тоғжан Қожалы,

Александр Братенков, Светлана Ушакова, Жанар Буканова, Алтынай Нұркеева, Майра Айсина сынды ірі ҮЕҰ, ғылыми орталықтардың басшылары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, қоғамдық белсенділер қатысты.

Тағы оқыңыз:

Аида Балаева Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы төрағасы Рик Демспен кездесті