Cоңғы жаңалықтар
Back

Павлодар қаласының полиция қызметкерлері қан өткізу акциясына қатысты

Павлодар қаласында полиция департаментінің 30 қызметкері «Біз дені сау ұлт үшін» қан өткізу бойынша акцияға қатысты. Іс-шара «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы шеңберінде 16 қарашада болып өтті.

Акцияның ұйымдастырушысы – «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалы 10 жыл бойы қанды өтеусіз өткізу бойынша акция өткізіп келеді. Биылғы жылдың өзінде Марафон шеңберінде осыған ұқсас 6 іс-шара болып өтті.

«Қан доноры күнінің ұраны – «Қан өткізіңіз, бүлкілдесін әлемде өмір». Дәстүрлі түрде біз іс-шарамызды Павлодар қан орталығымен бірге өткіземіз. Биыл біздің волонтерлер мен донорлар өткізген қан 50 пациентке көмектесті. Бұл ең үлкен марапат әрі қуаныш», – деді «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының директоры Гүлнәр Исаканова.

Сонымен бірге акцияға қатысушылар өмірдің қиын жағдайында қалған отбасыларды қолдауға арналған әлеуметтік акцияға қатысты: донорлар түскі асқа арналған ақшалай өтемақыны «Жақсылық сандықшасына» сыйлады. Акцияның соңында осы қаражатқа азық-түлік сатып алынып, Павлодар қаласындағы аз қамтылған 5 отбасыға табысталды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында іске қосылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Жыл ішінде елдің 17 өңірінде 15 000-ға тарта іс-шара өткізілді, оған волонтерлер, меценаттар, белсенділер, бизнес өкілдері, мектеп оқушылары, студенттер мен жақсылыққа жаны құмар азаматтар қатысты.