Ж.Мамайдың көлік жүргізу құқығын шектеу заң талабына сәйкес – заңгер

Dalanews 16 қар. 2021 10:10 124

Заңгер Марат Башимов «Заң үстемдiлiгi бiрiншi орында тұру керек, сот шешімін орындау – әр азаматтың міндеті» дейді. Ол осындай тақырыппен өзінің фейсбук парақшасында Байбек-Мамай сотына қатысты пікір білдіріпті.

«Заңгер болғандықтан Б.Байбектің соттағы өкілі А.Ташенованың Ж.Мамайға қатысты іске асырылып жатқан заңды шектеулер туралы жазған постын оқып, осы мәселеге қатысты жаздым.

Аталған постта көрсетілгендей, Ж.Мамайды жалған айыптауларды теріске шығаруды және видеоны өшіруді талап ететін соттың күшіне енген шешімі бар. Алайда, 3 ай уақыт өтсе де ол әлі күнге дейін оны орындамаған», - делінген жазбада.

Заңгер бұл туралы пікірін былай деп жалғастырады:

«Ал, еліміздің заңдарында сот орындаушысының бастамасымен сот шешімдерін орындамағандарды жауапкершілікте тарту көзделген. Мәселен, айыппұл, өсімпұл, лицензияларды, рұқсаттарды және арнайы құқықтарды беруге уақытша тыйым салу немесе тоқтата тұру шаралары сот шешімімен қолданылады. Ал мұндай жауапкершілік тек алиментке ғана қатысты емес, одан басқа қаржылай емес және мүліктік емес сипаттағы істерге де тән.


Бұл туралы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 34 бабында нақты көрсетілген: - жеке тұлғалардың қарызы 250 АЕК-тен асқан жағдайда; - заңды тұлғалардың қарызы 1250 АЕК-тен асқан жағдайда; - алимент бойынша берешек болған жағдайда; - мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда арнайы құқықтардың қолданылуын шектеу қарастырылған.

Ал, жалған айыптауды теріске шығару және бейнероликті жою туралы талаптар мүліктік емес сипаттағы талаптар болып табылады. Міне сондықтан сот орындаушысының Ж.Мамайдың сот шешімін орындамағаны үшін оның көлік жүргізу құқығына уақытша шектеу қою туралы ұсынысы толықтай заң талабына сәйкес».

Сонымен қатар ол азаматтар өздеріне қатысты шығарылған сот шешімдерімен келіспеген жағдайда, істің жоғары тұрған соттарда қайта қаралу ретіне де түсініктеме берген.

«Сайып келгенде сот шешімін орындау – әр азаматтың міндеті.. Әрине, сот шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес азаматтар ондай шешімдерді жоғары тұрған соттарда қайта қаралуы үшін шағым бере алады. Бұл ретте ол бірінші сатыдағы және апелляциялық инстанцияның шешімдеріне кассациялық тәртіппен шағым беру мүмкіндігі бар.

Қалай болса да, Қазақстан Республикасының күшіне енген сот шешімдері жоғарыда тұрған соттармен қайта қаралмайынша бүкіл Қазақстан аумағында орындалуы міндетті. Құқықтық мемлекет құрамыз, құқық үстемдігі қамтамасыз етілсін десек, осы қағидаға барлығы мойынсұну қажет», - деді заңгер Башимов.

Заңгер өз жазбасында Ж.Мамайдың БҰҰ туралы айтып жүрген мәлімдемесіне де пікір білдіруді ұмыт қалдырмаған.

«БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті жеке шағымдарды қарау барысында халықаралық стандарттарды, атап айтқанда көптеген мемлекеттер қабылдаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактіні басшылыққа алады.

Бұл Пактінің 19-тармағына сәйкес «Әрбір адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды».


Осы баптың келесі маңызды тармағын ұмытпағаны жөн. Себебі онда бұл құқықтарды пайдалану «заңмен белгіленуі керек және басқа тұлғалардың құқықтары мен абырой-беделiн құрметтеу қажет» деген сынды шектеулермен байланысты екендігі айтылған. Ал еуропалық заңгерлер анонимді телеграмм арналарынан көшіріп алған дәлелсымақ материалдарын қарауға қабылдауы екіталай.

Ал осы Пактіге сәйкес әрбір адам абыройы мен беделіне заңсыз қол сұғудан қорғалуы қажет екендігін ескерсек, Мамайдың БҰҰ-нан өзі жала жапқан Байбекке қарсы қолдау күтуі сайкес келмейтiн жағдай», - деп заңгер өз пікірін қорытындылаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x