3 алтын, 3 күміс және 1 қола – қоржында

Dalanews 16 қар. 2021 09:55 308

Түркияның Ыстамбұл қаласында каратэ-до шотоканнан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі сынға ұлттық құрама сапында қатысқан Түркістан облысының сайыпқырандары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Олар Қазақстан қоржынына 3 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлдені салды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Елнұр Төребек, Маржан Әшім, Меруерт Әбен алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етті. Ал Мади Катешов, Димаш Укматов пен Олжас Құлажан күміс медальді иеленді. Тартысты өткен каратэшілер бәсекесінде тағы бір жерлесіміз Ердос Қуандық қола медальді місе тұтты.

Бұл аламан додаға түркістандықтарды каратэдодан аға бапкер Боранбай Төлеев бастап барды. Сонымен бірге ортақ жеңісте бапкер Роман Сәрсеқұловтың да үлесі бар. Тартысты өткен бәсекеде Түркістан облысының №1-ші олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің екі шәкірті алтыннан алқа тақты. 61 келіде өнер көрсеткен Маржан Әшім мен 52 келі салмақтағы Елнұр Төребек Әнұранымызды шарықтатты.

Аталған спорт мектебінің директоры Бердалы Әділбек Ыстамбұл төрінде олжа салған спортшыларды қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Аталған мекемеде спорттың 10 түрі бойынша 1000-нан астам ізбасар даярланып жатыр. Спорт мектебінің шәкірттері әлем чемпионаттарында 4 алтын, 2 қола еншілесе, Азия чемпионаттарында 1 алтын, 2 қола медаль олжалаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x