Тәуелсіздік 30. «Көшпенділер» трилогиясы Қазақ радиосы эфирінен берілуде

Dalanews 16 қар. 2021 09:09 151

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Қазақ радиосының бастамасымен, күн сайын «Көкжиек» бағдарламасы жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының аудио нұсқасын беруде. Жобаға Ұлттық аударма бюросы да қолдау көрсеткен, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақ хандығының құрылымы мен саяси өміріне негізделіп жазылған тарихи эпопеяның аудио нұсқасын Қазақ радиосының ардагер дикторы Бүркіт Бекмағамбетов дыбыстап шыққан.

– Егемендікті, ел мен жерді бізге аман жеткізген хандар мен баһадүр батырлардың ерлігі жүйелеп жазылған «Көшпенділер» тарихи трилогиясын Тәуелсіздік тойы қарсаңында арнайы бағдарлама эфирінен шығару Қазақ радиосының Тәуелсіздік тойына қосқан бір үлесі, – деді «Қазақ раиолары» ЖШС бас редакторы – «Қазақ радиосы» радио арнасының директоры Дулат Абибуллаев.

Соңғы екі жылда Қазақ радиосы эфирінде Тахауи Ахтановтың, Хамза Есенжановтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Қалихан Ысқақтың, Сәкен Жүнісовтің, Бердібек Соқпақбаевтың, Сәбит Мұқановтың, Шерхан Мұртазаның, Мұхтар Мағауиннің еңбектері мен әңгімелері аудио кітап форматында берілген.

Анықтама ретінде: Әйгілі «Көшпенділер» туындысы кеңестік кезеңде ұлттых тарихымыз туралы жазылған алғашқы көлемді шығармалардың бірі.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына жазушының 1969 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы «Қаһар» романы мен «Алмас қылыш» және «Жанталас» романдары кіреді. «Көшпендiлер» трилогиясын орыс тіліне аударған Морис Симашко. Кітаптың тек орыс тіліндегі нұсқасы 12 рет қайта басылып шығып, жалпы тиражы 1,5 миллионнан асты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x