Nur Otan – елдегі партиялық жүйенің локомотиві

Dalanews 02 қар. 2021 11:02 615

Еліміздің ең ұлық мерекесі тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның саяси тарихында қайталанбас орны бар «Nur Otan» партиясының қалыптасу тарихын талдай отырып, жалпы сөз басында мынадай ақиқатты баса айтқым келеді, біз еліміздегі билеуші партияны қанша рет сынасақта осы партия - мемлекеттің саяси жүйесіндегі қуатты партиялық жүйені қалыптастыру мен саяси саланы демократияландыруға үлес қосып келеді. Еліміздегі партиялық қызметте алуан түрлі жаңа технологияларды енгізіп, партиялық құрылыстағы әлемнің үздік тəжірибелерін ретрансляциялауда, бұдан басқа, партия – көптеген идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық, жастарды қолдауға бағытталған.

Айталық, «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» («STОР- қылмыспен» біріктірілген), «Ұлы дала елі», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ» («Бақытты отбасымен» біріктірілген) «Айқын тариф», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Сәтті қадам»,  «Жастар  Отанға», «Біз біргеміз» сынды партиялық жобалар  халықтың әлеуметтік əлжуаз топтарына күнделікті қамқорлықтың қажеттілігі туралы қоғамдық түсінік қалыптастыруға бағытталып, маңызды іс-шаралар атқарып келеді.

Өткен тарихқа көз салсақ Қазақстанның саяси тарихи толқынында «Nur Otan» партиясының  қалыптасуы мен даму тарихы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның тікелей басшылығымен партия елдің жетекші саяси күшіне айналды, ауқымды демократиялық реформаларды іске асыруға қатысты, қазақстандықтардың құрметі мен беделіне ие болды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Nur Otan» партиясының басты идеялық рух берушісі болды.

Сонау 1998 жылы 21 қазан айында Қазақстан Республикасында «Президентке үміткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы» тіркелді. Бұл қозғалыс Мемлекет басшысының демократиялық реформаларын  қолдайтын қоғамның кең бөлігі пікірлестер мен жақтастардың басын біріктіре білді. Штаб сайлау науқаны кезінде белсенді болып және саяси партиялармен, қозғалыстармен ынтымақтаса жұмыс жасады.

Міне, дәл осы кезеңде қоғамдық қозғалысты саяси партияға айналдыру мәселесі туындады:

- 1999 жылы 19 қаңтар айында  жиналыста  Қоғамдық штабты «Отан» республикалық саяси партиясына айналдыру туралы шешім қабылданды.

- 1999 жылдың 12 ақпанында партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелді.

- Партия мұрағатында 1999 жылғы 22 ақпанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Отан» республикалық саяси партиясына мүшелігінің есеп карточкасы сақтаулы.

- 1999 жылы 1 наурыз айында партияның I құрылтай съезі болып өтті, оның жұмысына 385 делегат пен арнайы шақырылған 117 қонақ қатысты. I съез делегаттары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Отан» республикалық саяси партиясы Қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп сайлау туралы тарихи қаулы қабылдады. Саяси кеңестің, Орталық ревизия комиссиясының құрамы бекітілді және Партия Жарғысы қабылданды.

- 2006 жылы  22 желтоқсан айында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс Х съезі болып өтті. Съездің 346 делегаты партияның – «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы деген жаңа атауын бірауыздан бекітті. Осылайша, елдегі жетекші саяси күш «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы» деп аталып, «Отанның» күші мен сенімділігін, «Асардың» жастығы мен энергиясын, Азаматтық және Аграрлық партиялардың еңбексүйгіштігін бойына жинады.

«Nur Otan» партиясының тарихында съездер партия форумдары ретінде маңызды рөл атқарды, онда партия мен елдің қоғамдық өміріндегі өзекті мəселелер талқыланды. Партияның табыстары мен маңызды шешімдері съездердің жұмысында айқындалды. Сондықтан олардың шақырылымы партия тарихының жаңа тарауларын, яғни «Nur Otan» партиясының қалыптасуы мен нығаюының кезеңдерін анықтаған белес болды.

Партия құрылғанынан бері оның идеологиясы екі маңызды мәселеге негізделді.

Біріншіден, халықтың айтарлықтай бөлігінің мүдделері теңдігін сақтайтын және әртүрлі қоғамдық топтар мүдделерінің саналуан бағытын ескеретін консенсус ретінде центризм (орталық) идеологиясына сүйену. Мұндай идеологиялық ұстаным партияға жалпыхалықтық күш ретінде халықтың өзекті мұң-мұқтажын көтеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Екіншіден, партияға халықтың әл-ауқатын көтеру, қоғам мен мемлекетті дамыту, ұлттық мүдделерді қанағаттандыру үшін қажетті айқын мақсат пен өзгерістер тетіктерін көрсететін өзінің Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың дүниетанымдық философиясы мен оның мемлекеттік бағыт-бағдарына сүйену. Бұл партияны креативті және ХХІ ғасырдың көшбасшы партиясы етуге көмектеседі.

«Nur Otan» партиясының идеологиялық ұстанымы әдетте партия Бағдарламасында бекітіледі, ол ұйым қызметінің ұзақ мерзімді перспективаға арналған негізгі бағыттарын айқындаған өзекті стратегиялық құжат болып табылады. Сəйкесінше, партия идеологиясы оның келешектегі дамуы аясында қарастырылып, оған арнайы маңыздылық берілмеді. Сондықтан да 2013 жылы партия өзінің бағдарламалық құжаттары деңгейінің ара жігін ажырату және партияның идеологиялық қағидаттарын жеке құжат арқылы бөліп көрсету жөнінде шешім қабылдады.

«Nur Otan» партиясының 2013 жылғы 18 қарашадағы XV съезінде партия Доктринасы қабылданды, ол ХХІ ғасырда маңызды миссияларды және партия қорғайтын және өзінің басым міндеттері мен функцияларын іске асыру кезінде басшылыққа алатын қағидаттарды айқындаған негізгі құжат болып табылады.

«Nur Otan» партиясының тарихындағы ерекше беттер ретінде Қазақстан Президенті мен Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша өткен науқандарды айтуға болады. 1999 жылдан бастап президенттік сайлау науқандарына қатыса отырып, «Nur Otan» партиясы электоралдық күреске қатысудың мол тәжірибесін жинақтады. Сайлаушылар арасында стратегия мен жұмыс тактикасын сауатты құра отырып, партия осы сайлаулардың табысты болуына елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар,  «Nur Otan» партиясының Қазақстанның партиялық-саяси кеңістігіне енгізген ерекше жаңалығы 2019 жылы өткізген Праймериз. Билеуші партия пост-кеңестік мемлекеттер арасында алғаш рет партиялық праймериз өткізді, оған 10000 жуық партия белсенділері  белсене қатысты.

Қазіргі таңда билеуші партияның ұйымдық құрылымы анықталған: 17 өңірлік және 248 аймақтық филиалы орталық аппаратқа бағынышты, 6000 жуық бастауыш партия ұйымдары белсенді қызмет атқарып келеді. Елдегі барлық әлеуметтік топтардан, ұлттардан, халықтың жас ерекшеліктерінен құралған партия мүшелерінің саны  795 мың қазақстандықтарды құрайды.

Қорыта айқанда 1999 жылы елдің саяси аренасында «Отан» республикалық саяси партиясының пайда болуы (2006 жылдан бастап «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы, 2013 жылдан бастап «Nur Otan» партиясы), Қазақстанның жалпы партиялық жүйесіне маңызды әсерін тигізді. Басқа партияларды өзіне біріктіру арқылы елдегі партиялық жүйенің локомотивіне айналған «Nur Otan» партиясы электораттың даусын жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

«Nur Otan» партиясының қалыптасуына, дамуына және беделінің артып Қазақстанның партиялық жүйесінің ядросына айналуына оның көшбасшысы, идеологиялық рухтандырушысы және ұйымдастырушысы Елбасы, Партия лидері Н.Ә. Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз. Оның басшылығымен елдегі қоғамдық-саяси өмірге ұдайы мониторинг және жүйелік талдау жүргізу арқылы электоратпен партиялық жұмыстың жаңа әдістемелерін енгізу, жаңа міндеттер қою нәтижесінде партия тәуелсіз Қазақстанның жетекші саяси күшіне айналды.

Меруерт ТӨЛЕБАЕВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x