Cоңғы жаңалықтар
Back

Балаева Facebook-ке байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ведомствоның “зиянды контенттерді хабарлау жайлы” мәлімдемесін терістеген Facebook өкілінің сөзіне түсініктеме берді.

Бір күн бұрын министрлік “Қазақстан билігі Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі “зиянды” деп тапқан контентті хабарлауға эксклюзивті мүмкіндік алды” деп хабарлаған. Ведомство Facebook’пен “зиянды контенттермен күрес мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынас жасағаны жөнінде келісімге келгенін” айтқан.

Көп ұзамай Facebook желісіне ие Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын терістеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева 2 қарашада Facebook’тағы жазбасында:

“Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша “Meta” (“Facebook”) компаниясының өңірлік офисімен жүргізді. 1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-да жариялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын” деп жазды.

Министр сөзіне реакция білдірген кейбір қолданушылар әу бастан-ақ ведомство ақпарат құралдарын шатыстырмай “келіссөз компанияның өңірлік кеңсесімен келісімге келді” деп анықтап жазуы тиіс еді деп атап өтті.

Facebook’пен “келісім” жөнінде қайшы ақпараттар Қазақстан парламентінде әлеуметтік желілерді шектеу мүмкіндігін қарастыратын заң жобасы талқыланып жатқан шақта жарияланып отыр.

Аталған жоба жұрт арасында қарсылыққа ұшырап, азаматтық қоғам өкілдері билік елде цензураның жаңа әдісін ойлап тапты деп сынаған. Ал заң жобасының авторлары “бұл кибербуллинг пен қауіпті контенттердің тарауын тоқтатады” деп мәлімдеген.

Қазақстан билігі елде кемі 3,2 миллион адам Facebook желісін қолданады деп мәлімдеді. Ал Meta компаниясының Instagram және WhatsApp желілерінің де Қазақстандағы қолданушылары көп.

Бұған дейін адам құқығын қорғаушылар Facebook’ті әлем үкіметтерінің ақпарат бостандығын шектейтін өтініштеріне бойұсынады деп айыптаған.