«Балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін!». Пенжімдегі төбелестен зардап шеккен баланың анасы ойын айтты

Dalanews 30 қаз. 2021 04:24 276

Пенжім мектебіндегі төбелестен соң ауруханаға түскен жасөспірімнің анасы осындай мәлімдеме жасады. Дегенмен ұлын ұрған баланың ата-анасына тағар кінәсі жоқ, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы оңалып, жалпы палатаға ауыстырылған. Ал арнайы құрылған штаб ауылда түсіндіру жұмысына қызу кіріскен.

Күлшаш Серікбаева екі күннен бері ауруханың алдын торып жүр. Ұлы Нұрболдың басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппаған. Бес баланың кенжесі мұндай төбелестерге осыған дейін қатыспағанын айтты. Баланы осындай күйге түскенше, тепкілегендерді кешіруге әзір дайын емес екенін де

– Балам мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Екі жақ бір-бірімізбен татуластық. Кешірім сұрап келді. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалынып, пластмасс салынды. Ем алып шыққаннан кейін жағдайын бақылауым керек, – деді жәбірленушінің анасы.


10-сынып оқушысы Нұрболдың беті бүгін бері қарады. Ақ халаттылар соққыдан ұйып қалған қанды басын тіліп шығарған. Жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылуы жақындарының көңіліне медеу болды. Дәрігерлер жағдайы қалыпты, жазылуға бет бұрғанын алға тартуда.

– Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Жағдайы бір қалыпты. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Әңгімелеседі. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жату керек. Қанша дегенмен ота болды. Миы шайқалды, соғылу белгілері бар. Сондан кейін үйіне шығарылады. Үйіне шыққан соң қалпына келтіру емі кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, – дейді Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ерболат Бегембеков.

Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң кеше құрылған штабтың жұмысы бүгін жанданды. Ауылдағы мыңнан астам бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер тәртіпке қатысты әңгімені сабақтан тыс уақытта да жүргізеді.

– Қазір мектеп оқушылары қалыпты жағдайда сабақ оқып жатыр. Сынып жетекшілері мектеп психологтар бірлесіп әр сыныпта түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сабақтан тыс уақытта кесте құрылған. Кестемен оқушылар шақырылып, қосымша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір оқушылар арасында ондай кикілжің жоқ. Барлығы бір-бірінен кешірім сұрады. Балалардың қарым-қатынасы жақсы, – деді А.Розыбакиев атындағы мектеп директорының орынбасары Нәзира Қалыбаева.

Екі күн бұрын оқушылар арасындағы төбелестен соң, жаппай текетірес ауыл жастары арасында жалғасқан болатын. Сынған терезе, бүлінген көліктер бар. Осы оқиғаға қатысы барлардың бәрі қазір іздестіріліп жатыр. Тергеу амалдары басталып кеткен. Ал ауылдағы тәртіпті полиция бақылауда әлі ұстап отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x