Түркістанда салықшылардың жаңа ғимараты ашылды

Dalanews 29 қаз. 2021 08:50 172

Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты іс-шараға өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов қатысты. Түркістандық қаржыгерлерді құттықтаған министр жаңа ғимарат ұжымға тың серпін беретініне сенім білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Түркістан облысы құрылып, Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелгелі 2-3 жылдың ішінде қала адам танымастай өзгерді. Қаланың дамуына қомақты қаржы құйылып жатыр. 2018 жылы осындағы қызметкерлер мемлекеттік қызметті бір күнге тоқтатпай, Шымкенттен Түркістанға көшіп келді. Сол кезде бәріне жақсы ғимарат жетпеді. Бүгін тиісті қаржы бөлініп, құрылысы заман талабына сай жүргізілген заманауи ғимараттың ашылуына келіп тұрмыз. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекеленіп жатыр. Сонымен бірге мемлекетіміздің қаржы секторының жұмыс істей бастағанына 100 жыл толып отыр. Осынау мерекелер қарсаңында ашылған ғимаратпен баршаңызды құттықтаймын. Елдің, мемлекеттің игілігіне жарай берсін, – деді Е.Жамаубаев.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов «Түркістан облысында 3 жылда 250-ден астам нысан бой көтерді. Кіріс көлемі де ұлғайып отыр. Бұл жетістіктерде сіздердің де еңбектеріңіз» деп департаменттің жұмысына сәттілік тіледі.

Ғимараттың жалпы алаңы – 12507 шаршы метр. Жұмыс істеуге толық жағдай жасалып, соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған. Маңызды жиындарды өткізуге арналған 320 орындық үлкен және 45 орындық кіші мәжіліс залы қарастырылған. Кіші мәжіліс залында онлайн жиналыстар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен бірге ғимаратта тұрғындар үшін 100 орындық күту залы және салық төлеушілерді бір мезгілде қабылдайтын 14 терезе бар. Тағы бір ерекшелігі, ғимарат ішінен қызметкерлерге арналған асхана, арнайы спорт кешені де қарастырылған. Мұнда жұмыстан тыс уақытта дене шынықтырумен айналысып, шағын футбол, баскетбол және волейбол ойнауға болады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа ғимаратта Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 207 қызметкері орналасты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x