Мұндай әрекеттер педагог деген атқа мүлде сай келмейді – министр Аймағамбетов

Dalanews 22 қаз. 2021 05:32 154

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Көкшетауда мұғалім мен оқушылар арасында орын алған ыңғайсыз жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған оқиға 18 қазан күні Көкшетау қаласындағы мектептердің бірінде болған.

Сабақ кезінде 12 оқушының дәптерлерін үйінде ұмытып кеткені белгілі болды. Осындай жағдай қайталанбас үшін мұғалім оқушылардың маңдайына "дәптер" деп жазып қойған.

"Мұндай әрекеттер педагог деген атқа мүлде сай келмейді. Ақылға сыймайтын, барып тұрған сорақылық қой бұл деген. Бүгінде тиісті шаралар қабылданды. Әрине, ондай жағдайлармен жұмыс жасау қажет. Бірақ әріптестеріміздің басым бөлігі ондай емес. Біздің арамызда ауылда болсын, қалада болсын, мықты-мықты педагогтер көп", - деді Аймағамбетов.

Оқиға орын алған №13 мектеп-гимназияның директоры Светлана Ахметжанова мұндай әрекетке барған мұғалімнің 27 жылдық кәсіби тәжірибесі бар екенін айтты.

Мектеп әкімшілігі мұғалімге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, содан кейін оны жұмыстан шығарып жіберген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x