«Тұран» тапсырманы орындады

Dalanews 19 қаз. 2021 14:37 177

Биыл футболдан Қазақстан чемпионатына тұңғыш рет қатысып жүрген Түркістанның «Тұран» командасы алғашқы маусымға берілген тапсырманы орындады. Нақтырақ айтсақ, жас клуб жанкүйер сенімін ақтап, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жуырда түркістандық футболшылар Оралда жергілікті «Ақжайық» командасымен шеберлік байқасты. Тартысты кездесудің 30-минутында «Ақжайық» ойыншысы Гащенков есеп ашса, 72-минутта Деобальд есепті теңестірді. Осылайша, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Оралдағы жақсы нәтижеден кейін «Тұран» футболшылары ұпай саны 25-ке жеткізіп, турнир кестесінде 12-орынға тұрақтады. Сөйтіп, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Биыл сәтсіз маусым өткізген «Қайсар» мен «Жетісу» командалары бірінші лигаға түсетін болды.

Чемпионат басталар сәтте облыс басшылығы «Тұран» футболшыларына биыл премьер-лигадағы орнын сақтап, турнир кестесінде жоғарырақ тұруды тапсырған болатын. Ойыншылар бірінші тапсырманы орындады. Келесі жылы «Тұран» клубы бұдан да биік мақсаттарға ұмтылмақ.

Сонымен бірге бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген Түркістан облысының «Мақтаарал» командасы да жанкүйер сенімін ақтауда. Мақтааралдықтар бірінші лигада 43 ұпаймен екінші орында келе жатыр. Соңғы екі турды сәтті өткізсе, премьер-лигаға шығуы мүмкін. Ал «Қыран» командасы үздік үштікте тұр.

Әйелдер арасындағы чемпионатта да Түркістан өңірінің шоқтығы биік. «Томирис-Тұран» командасы биыл ел чемпионатында күміс медальға ие болды. Мұның бәрі өңірде футбол федерациясының жемісті жұмыс атқарып жатқанын білдіреді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде футболдың дамуына айрықша қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда Түркістанда «Тұран» футбол клубының академиясы салынып жатыр. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Мұнда футболды дамытуға барлық жағдай жасалады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x