Back

Басты байлығымыз – дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық

Бүгін Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күніне орай, өңірдегі діни конфессия басшыларының қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізіп отырды. Кездесуде ел бірлігін күшейту, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту және рухани әлемдегі мәселелер талқыланды.

Рухани жүздесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов облыстағы діни конфессиялардың өзара ынтымақ-бірлігі мен қоғамдағы рөлін сөз етті.

– Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Елбасының бастамасымен Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты өтіп жүр. Дәл қазір еліміздегі дін саласындағы мәселелер дұрыс шешімін тауып қана қоймай, дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп айта аламыз, – деді ол.

Жиын соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.

Бүгінде Түркістан облысы аумағында 6 діни конфессияға енетін жалпы 784 діни бірлестік жұмыс атқарып келеді. Олардың қатарында исламдық емес бағыттағы 30 жергілікті діни бірлестіктер мен оның 2 филиалы бар. Сонымен бірге исламдық бағыттағы, яғни, ҚМДБ-ның филиалдары болып табылатын 752 мешіт елге қызмет етіп жатыр.

Тағы оқыңыз:

Түркістанда тұңғыш рет жүрекке ота жасалды