Мағауов дизель отыны тапшылығы неліктен туындағанын айтып берді

Dalanews 30 қыр. 2021 14:11 279

Соңғы уақыттары дизель отнының тапшылығы жұртты әбігерге салғаны жасырын емес. Жалпы жиын-терін кезінде жағармай тапшылығының туындауы үйреншікті жағадайға айналғандай... Осы мәселеге қатысты ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов дизель отынының тапшылығының орын алуына қандай жайттар әсер еткенін жіпке тізгендей айтып берді.  

Бірінші кезекте вице-министр Әсет Маратұлы елімізде дизель отынын тұтыну көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы жазда халық өткен жылмен салыстырғанда 480 мың тоннадан астам дизель отынын артық пайдаланған. Өткен жылы карантиндік шаралардан кейін шаруалар дизель отыны аз мөлшерде тұтынуы мүмкін. Бірақ оны Әсет Мағауов есепке алмаған сыңайлы.

Жалпы биыл ауыл шаруашылығы саласында орын алған қуаңшылықты ескерсек, дизель отынына деген сұраныстың біршама артуын байқауға болар еді. Биыл шаруалар шабындықтан бөлек сай-саладағы қамыс-құрақтарды қуалай шауып, қысқа мал азығын дайындауға күш салды. Олар мұндай жағдайда мөлшерден тыс дизель отынын тұтынатыны айтпаса да түсінікті. Мұны ҚР Энергетика министрлігі күні-бұрын болжап, қам жасауы керек еді. Өкінішке орай, министрлік өкілдері ауыл шаруашылығындағы жағдайға бас ауыртпаған сыңайлы.

Әсет Мағауов елімізде дизель отынының тапшылығының тағы бір басты себеьі ретінде Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс жұмысын тоқтатуы әсер еткенін де алға тартты. Осылайша ойламаған жерден жұмысын тоқтатқан мұнай өңдеу зауытының кесірінен ішкі нарыққа қажетті 230 мың тонна көлеміндегі дизель отыны өндірілмей қалған. Бұл да елімізде дизель отынына деген тапшылықты ушықтырса керек.

Сонымен қатар жылда сырт елдерден жеткізілетін дизель отынының тиісті мөлшерде келмеуі де отқа май құйғандай болыпты... Естеріңізге саламыз, өткен жылы елімізге көршілес Ресейден 500 мың тонна көлемінде дизел отыны экспортталса, биыл оның мөлшері бар болғаны 26 мың тонна құрапты. Осылайша Әсет Маратұлы дизель отынына деген тапшылықтың туындауына қатысты басты себептерін атап берді.

Жанар-жағармайдың тапшылығы орын алғанда көпшілік қауым осы салаға жауапты мекемелер «неге тапшылықтың алдын алмады» деген сын-ескертпелер айта бастайтыны белгілі. Бірақ бұл жолы ҚР Энергетика министрлігі ерте көктемде дизель отынының қоры төмендегенде көлік құралдарымен және темір жолмен көршілес елдерге дизель отынын экспорттауға шектеу қойыпты. Бірақ бұл шектеулердің дизель отынын тасымалдаушылар қаншалықты орындағанын вице-министр ашып айтқан жоқ. Бұдан басқа министрлік Атырау мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына жоспардан тыс 100 мың тонна дизель отынын өндіру турасында жаңа міндет жүктепті. Әйтеуір ҚР Энергетика министрлігі қарап қалмапты. Осы қабылдаған шаралар елімізде дизель отыны тапшылығын жою үшін біршама уақыт керек. Енді соны күтуден басқа амал жоқ.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x