Түркістанды дамытуға ғарыштың мүмкіндіктері де қолданылады

Dalanews 15 қаз. 2021 03:50 177

Қазақстандық ғарышкер, Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов Түркістанға келді. Ғарыш саласына жауапты басшымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев кездесу өткізіп, маңызды мәселелерді талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Түркістан облысының экономикасын көтеруде ғарыштық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері сараланды.

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов қазіргі таңда мемлекеттердің дамуында ғарыш саласының ықпалы зор екеніне тоқталып, ол мүмкіндікті тиімді пайдалануға болатынын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түркістан өңірін дамыту бағытында ғылымның жетістігін негізге алу кезек күттірмес мәселе екенін айтты.

Кездесу нәтижесінде "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ мен Түркістан облысы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ мен Түркістан облысы әкімдігінің Ситуациялық орталығының бірлескен жобалары үшін арнайы ақпараттық топ құрылатын болды.



Ол топқа төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері қосылады. Ғарыштық мониторинг арқылы өңірдегі жердің мақсатты пайдаланылып жатқаны немесе пайдаланылмағаны да екшелмек.

Сонымен бірге Түркістан облысындағы бірқатар басқарма мен департамент мамандары ғарыштық мониторинг жасау және өңірге пайдалы нақты шешімдерді талдау және шығаруды меңгеру үшін арнайы білім алмақ. Оларды "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ-ның білікті мамандары оқытып, кеңес береді. "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы әріптестікті нығайту, жоспарларды жүзеге асыру бойынша 2021 жылдың соңына дейін жол картасы әзірленеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x