Елбасы тапсырмасы? Экстремизге бейім азаматтардың әлеуметтік портретін жасау қажет - сарапшы

Dalanews 30 қыр. 2021 08:31 176

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің кешегі отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұру мәселесі талқыланғаны белгілі. 

Аталған мәселеге құмбыл көңіл бөлген Тұңғыш президент Ауғанстандағы ахуалдың ұшығып тұрғанын тілге тиек еткен.

Елбасының атап өткеніндей аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа әдіс-амалдар қажет.

Террористердің жаңа технологиялардың тілін меңгеруі, олардың аймаққа, соның ішінде Қазақстанға қатысты тактикасының өзгеруіне алып келеді. Сөй деген Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бірінші кезекте тапсырған еді.

“Халықтың жағдайын жақсартуды үнемі назарда ұстау маңызды. Тұрмысы түзу адам теріс ағымдардың жетегінде кетпейді. Радикализм қоғам жұтаған кезде барынша қаулап, тамырын тереңге жаяды, бұған жол бермегеніміз жөн”, – дейді Назарбаев.


Елбасы бұл мәселеге алғаш тоқталып отырған жоқ.



Бұған дейін ҚМДБ өкілдерімен кездескен Тұңғыш президент қауға сақал мен қысқа балақтың қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарына қайшы келетінін ескерткен еді. Сол жолғы жиында Назарбаев халықтың, әсіресе жастардың діни білімі мен сауатын арттыруға көңіл бөлу керектігін баса айтқан.

“Діни сауатты адам мұндайға ұрынбайды. Ұзын сақал қойып, балағын кесу білімнің аздығынан, танымның таяздығынан туындап отыр. Қара жамылған, тұмшаланған қазақ қыздарын кім көрген? Бұл да біздің түсінікке жат. Дәстүрге қайшы. Ата-бабамыз үйде кісі өліп, қайғылы жағдайға тап болғанда ғана қара жамылған. Анығында дін мен қара киім киіп тұмшаланудың арасында еш байланыс жоқ”, – деген-тұғын Назарбаев.

Dalanews.kz осы ретте терроризм мен экстремизмнің қаулауына жол бермеуді қадап тапсырған Тұңғыш Президенттің мәлімдемесіне қатысты сарапшы пікірін оқырман назарына ұсынады.



Әлеуметтанушы Мира Мәуілшәріптің айтуынша Қазақстанның Ауғанстан секілді саяси-экономикалық ахуалы тұрақсыз елге жақын орналасуы лаңкестік мәселесіне база назар аударуды талап етеді.

Сарапшы Қазақстандағы экстремизмнің пайда болуы мен өршу кезеңін үш бөлген екен. Алғашқысы 1992-1998 жылдардың аралығы. Кейінгісі 2000-2010 жылдар. Соңғы кезең 2011-ші жылдан бастап бүгінге дейінгі мерзім.


Мәуілшәріптің пікірінше алғашқыда Қазақстан билігі экстремизм мәселесіне шетелден жеткен түсінік деп қарап, бұл мәселенің мемлекетті айналып өтеріне сенімді болған. Тек 2000-шы жылдардың ортасынан бастап Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында орын алған террорлық актілерден кейін бұл мәселеге назар аударған.

Айта кетелік, 1999 жылы Ташкентте лаңкестік оқиға орын алып, жарылысқа қатысы бар Өзбекстан азаматтары Қазақстан аумағында құрықталған болатын. 2000-шы жылдары шетелдік діни мекемелерде білім алып жатқан қазақстандықтарды мемлекеттік бақылау тәртібі күшейді.

“Елімізде әлі күнге дейін экстремист мен лаңкестердің портреті жасалмаған. Олар кімдер? Оларды көпшіліктен қалай ажыратуға болады? Әдетте, өмірден лайықты орнын таппаған адам теріс діни ағымның тұзағын түскенін аңдамай да қалады.

Экстремистің әлеуметтік бет-бейнесін жасайтын болсақ, бұл жас шамасы 30-40-тың үстіндегі деструктивті діни ағымның идеологиялық арбауына түсіп қалған, оның үгіт-насихатын талғамсыз, талдаусыз қабылдай беретін азамат. 


Былайша айтқанда, лаңкес деп өмірдегі проблемасы шешілмеген адамды айтамыз. Әлеуметтік, қаржылық жағдайы тұрақсыз, идеологиялық әрі психологиялық тұрғыда әлі де толық қалыптаспаған адам”, – дейді Мәуілшәріп.

Сарапшы билікке мұндай аудиториямен белсенді жұмыс істеу керектігін айтады. Ол үшін қоғамның діни сауатын арттыруға назар аударған жөн.

“Ашығын айтқанда, қазақстандықтар әлі де болса дін мен діни фанатизмнің аражігін ажырата алмай келеді. Ұлдары теріс ағымның құрығына іліккен талай ата-анамен тілдестік. Көпшілігі: “балам намаз оқып, Құран жаттап жүр еді. Оның түпкі ойын білмедік…”, деген пікір айтады.

Екінші мәселе, экстремистер Қазақстанның зайырлы саясатын оңтайлы пайдаланып отыр. Бұл мәселеге кезінде Елбасы да назар аударған болатын.

“Қазақстанның ашықтығы халықаралық аренадағы саяси ойыншылардың назарын аударуда. Елге келіп жатқан қисапсыз миссионерлерге тоқтау салу қажет. Олар дінді таратумен ғана шектелмейді”, деп ескерткен.  Тұтастай алғанда 2011-2013 жылдың аралығы Қазақстан үшін ауыр кезең болды. Осы аралықта 14 лаңкестік жасалып, 60-ға жуық азамат қаза тапты”, – дейді сарапшы.

Ендеше экстремизмнің жолын кесудің қандай амалы бар? 


Мира Мәуілшәріптің атап өткеніндей бұл үшін билік органдары түрлі діни ұйымдардың жұмысын ұдайы бақылап, соның ішінде әлеуметтік желіге белсенді мониторинг жүргізуі қажет, сол арқылы ғана еліміздегі экстремизмнің қауіп-қатерін бағалап, осы жолға түскен азаматтарды бақылауға алуға болады.

“Экстрезиммен күресте идеологияның орны бөлек. Соның ішінде ақпараттық соғыста жеңілмеудің жолын іздеген жөн. Деструктивті діни ақпараттың жолын кесіп, оның орнын орнықты, дұрыс контентпен толтыру ҚМДБ-ның басты міндеті. Тұтастай алғанда 2018-2022 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы мемлекеттік бағдарламаны жаңа талаптармен толықтыру керек”, – дейді сарапшы.

Айта кетелік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше елімізде деструктивті идеологияның жолында жүрген 20 мыңға жақын адам бар. Олардың көпшілігі Түркістан облысы мен Алматы қаласы және еліміздің Батыс өңірлерінде шоғырланған. 2010 жылы ҰҚК алғаш рет Әл-Каида террорлық ұйымының қатарына қосылу үшін Ауғанстанға аттанған Қазақстан азаматтарын анықтаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x