Cоңғы жаңалықтар
Back

Жамбылдағы жарылыс – өлімді өзек еткен дезинформация

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қойма өртке оранып, жарылыс болған соң іле-шала Қазақстан ТЖМ-інің зардап шеккен қызметкерінің сұхбаты әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Оның сендіруінше, белгісіз бір әскери офицер оқ-дәрілердің жарылмайтынын айтып, жаңылыстырған-мыс. Дәл осы себепті олар жарылыстың қақ ортасында қалып, салдарынан 15 жалпы әскери адам қаза тапқан. Оның сөзінше, әскерилер болса, өрт сөндірушілерді ажал апанына тастап, өздері тайып тұрған көрінеді.

Бұл жаңсақ сөздер Қорғаныс министрлігіне және бүкіл қазақстандық Қарулы күштерге бағытталған алапат хейтке, «лағынет легіне» себеп болды. Бет бақтырмаған «тролльдерді», тіпті өз қызметкерінің сөзін жоққа шығарған ТЖ министрі Юрий Ильиннің мәлімдемесі де тоқтата алмады.

«Мерт болғандар арасында Қорғаныс министрлігінің де, Төтенше жағдайлар министрлігінің де қызметкерлері бар. Сондықтан әркім өз орнында тиісті қызметтік парызын орындағанын айтқым келеді», – деді Ильин.

Әйткенмен ТЖМ басшысы өз ведомствосын қорғаштаймын деп, екіұшты жауап қатты. Ильиннің айтуынша, өрт сөндірушілер Қорғаныс министрлігінің қоймасында жарылыс қаупін төндіретін ештеңе жоқ деген хабар алыпты.

«Тротил шашкалары сақталған қойма жалынға оранғаны расталды. Қорғаныс министрлігінде, басқасында қабылданған нұсқаулықтар, барлық параметрлер бойынша бұл шашкалар детонаторсыз сақталған және жарылыс қатерін төндірмеген», – деп мәлімдеді ол.

Оның мәліметінше, тротилдердің неге жарылғанын тергеушілер анықтап жатыр.

Алайда, мынандай сұрақ туындайды: өрт сөндіруге келген кәсібі өрт сөндірушілер аты-жөні белгісіз бір адамның сөзбен нұсқауын тыңдауға тиіс пе? Ал, ТЖ орнында бір адам емес, бірнеше адам әр түрлі ақыл-кеңес беріп тұрса, сонда қайсысын тыңдайтын боласыздар?

Қорғаныс министрлігі өрт сөндірудің қолданыстағы хаттамасына қатысты анағұрлым анық мәлімдеме жасады. Ведомствоның дерегінше, өрт басталғанда әскери бөлімнің штаттағы өрт сөндіру командасы өрт сөндіруші есептоптардың келуін күтпей-ақ, дереу «тілсіз жаумен» күресуге кірісіп кеткен. Сонымен бірге Жамбыл облысы бойынша ТЖД-ге оқиға жөнінде дабыл жолдаған.

«Ары қарай Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 маусымдағы №446 бұйрығымен бекітілген өрт сөндірудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, келіп жеткен ТЖД өрт сөндіру командасының жетекшісі  жалынды ауыздықтауға тікелей басшылық ете бастайды. Бірыңғай басшылық қағидатына сәйкес, дәл осы өрт сөндіру ісінің жетекшісі отты сөндіруге  қатысып жатқан бүкіл жеке құрамды және қосымша тартылған күштерді өзі басқарады. Осы мақсатта ТЖД-нің өрт сөндіру қызметі елді мекендегі барлық өрт қаупін тудыратын объектілер туралы хабардар болуға тиіс», – деп түсініктеме берді Қорғаныс министрлігі.

Қорыта айтқанда, әскери қоймалардағы өртке қатысты шақыруға аттанған өрт сөндірушілер барлық ықтимал тәуекел туралы және жанып тұрған заттардың қасиеттері туралы білуге тиіс. Бұл – Ішкі істер министрінің (бұрын өрт сөндіру қызметі ІІМ-нің құрамында еді) бұйрығымен бекітілген өрт сөндіру ережелерінде жазылған. ҚМ-дағы дереккөз бұл нұсқаны растады.

«Білесіз бе, өрт сөндірушілер командасы келіп жете салысымен оқиғаны басқарудың тізгіні соларға өтеді. Объектінің паспорты да солардың қолында және оның ішінде не жатқанын олар біледі. Демек, өрт болып жатқан жерге жеткенше немесе нақты өрт болып жатқан орында олар барлау және жағдайдың бағалау жүргізіп, шешім қабылдайды», – деді аты-жөнін құпия ұстауға тілек білдірген Қорғаныс министрлігінің қызметкері.

Шынында, ойланайықшы: егер ТЖД-нің «пожарниктер» өрт қауіпсіздік масатында әскери бөлімшелерді үнемі тексеріп жүретін болса, сонда сол әскери бөлімшелердің өрт қауіпсіздік үшін кім жауап беруге тиіс? Басқа бір мысал: өрт сөндірушілер жанып тұрған АЗС-қа келгенде, бензин, солярка «жарыла ма, жарылмай ма» біреуден сұрай ма? Тіпті мұндай сұраққа жауап бере алатын адам бар екеніне кім кепілдік береді?

Оның дерегінше, сұхбатта «әскерилердің қашуы» депаталған, ал шынында әскери қызметшілерді эвакуациялаудың мәнісі қарапайым: аталған әскери бөлімшеде командировкада болған мерзімді қызметтегі  жасжауынгерлерді қауіпті орыннан тездетіп алып кету қажет еді.

«Бұлар – мерзімді әскери қызметке шақырылғандар. Тәжірибесі шамалы, өмір көрмеген жас жігіттер. Оқиға қауіпті бола бастағандықтан, оларды әрине, эвакуациялады. Ал контракт бойынша қызмет ететін барлық тәжірибелі әскери орындарында қалды. Кейбір ақпарат құралдары айтқандай, ешқандай қашу болған жоқ. Жас жігіттердің қауіпсіздігін қамтамасыз еттік, біз үшін бұл аса маңызды фактор еді», – деді меморгандағы дереккөз.

Осылайша, өрт сөндірушілерді құрбан еткен кім дегенсұраққа жауап табу үшін – өртті сөндіру немесе сөндірмеу және эвакуациялау туралы кім шешім қабылдауға құқылы екен деген сұраққа жауап беру керек.  Әскерилер де, құтқарушылар да ол жерде инженерлік оқ-дәрілердің, сондай-ақ детонаторы салынбаған тротил шашкаларының сақталғанына сенімді болған. 2019 жылы Арыста жарылған артиллериялық снарядтар, зымырандар және басқасы, әскерилердің сендіруінше, мына қоймада болмаған. Иә, Арыстан әкелінген бірнеше тонна жарылмаған, қауіпсіздік тексеруден өткен инженерлік оқ-дәрілер болды. Бірақ, инженерлік және артиллертялық оқ-дәрілер – екі бөлек.

Айта кететін жайт: Данияр Әшімбаевтың телеграм-каналында көрсеткендей, 2020 жылы сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығына сәйкес, дәл солқоймадан 2009 жылынан бері сақталып жатқан, 500 тоннадан астам ең қауіпті реактивті және артиллериялық оқ-дәрілері басқа шалғайдағы қоймаға тасымалдады. Олжасалмаса, осы жарылыстың салдары әлде-қайда ауырболар еді. Неге десеңіз: саперлердің айтуынша, тазалау нәтижесінде ең алыс қашықтыққа ұшқан фрагменттер 200-400 метр қашықтықта табылды. Ал артиллериялық және реактивтік оқ-дәрілер болса, фрагменттердің ұшу қашықтығы 15 километрге дейін жету мүмкін болатын еді.

Бұл парадокстай көрінуі мүмкін, бірақ ішіне оқ-дәрілер де кіретін пайдаланылмайтын әскери мүлік Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің меншігі болып табылмайды. Мемлекеттің әскери блокты қайта-қайта құрылымдауы және реформалауы ақыр соңында армияның мүлкіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бағынатын «Қазтехнологиялар» АҚ-ы, «Қазарнайыэкспорт» РМК секілді компаниялардың иелік етуіне соқтырды.

Жамбыл облысы секілді Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында болған оншақты трагедия осы компаниялардағы былықтан бастау алады. Бұл компанияларға әскерилер еш ықпал ете алмайды. ОсындайТЖ-лардан кейін әшкереленген бұзушылықтар қатарында – қауіпсіздік техникасын елемеу, оқ-дәрілерді бөлшектеу үшін әлдебір коррупциялық схемалармен сатып алынған жарамсыз жабдықтарды пайдалану, әскери мүлікті утилизациялауға көшедегі кездейсоқ адамдарды, тіптіқайыршы-қаңғыбас, белгілі орны-мекені жоқ адамдарды жұмылдыру секілді сорақы тірліктер кездеседі. Ендеше бұл ИИДМ-ге бағынатын компаниялардағы былықтың бір ұшы секілді көрінеді.

Оның үстіне, мысалы, қолданыс мерзімі біткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнологиялар» АҚ-ы бірнеше жылдан бері жұмыссыз бос қаңтарылып тұрды, яғни қызметкерлері жалақысыз отырды. Мұндай жағдайда кадрлық құрамның деградацияға ұшырауы, кәсіби біліктілігін жоғалтуы – әбден табиғи нәрсе.

Қынжылтатыны сол, мұның бәрі ақыр соңында қайғылы оқиғаға соқтырады. Егер бұрын жарылыстардан тек «Қазтехнологиялар» АҚ-ның қызметкерлері ғана зардапшексе, енді әскерилер және өрт сөндірушілер опат болыпжатыр.

Бірақ сөздің қорытындысы: Жамбыл облысында болған апат үшін жауапкершілігін екіге бөлу керек сияқты. Бірінші – қоймада от шыққан үшін. Ол – сол әскери бөлімнің әскери қызметшілердің жауапкершілік екені айдан анық. Бірақ, адам өмірлер шығындарының себебі сонда емес. Өйткені, қаза тапқандардың бәрі – дәл сол жерде өрт сөндіріп жүрген қызметшілер. Азаматтық тұрғындардың бірде бір адам мертболмаған тіпті ауруханаға да жатқызылмаған. Әскери адамдар,соның ішінде өрт сөндірушілердің қаза тапқанның себебі – олардың эвакуацияның орнына өрт сөндіруін жалғастырып жатқаны. Ондай  шешімге өрт сөндіру жұмысына басшылық ететін лауазымды тұлға жауапты. Алайда, нақты сол жерде, сол жағдайда шешім қалай қабылданды, қазір ешкім айталмайды.

Бұл біреудің қайғылы қатесі болса да, кінә емес екені сөзсіз.

Дереккөзі: adyrna.kz