«Сонда кім кінәлі?». «Астана LRT» ісі бойынша айыпталғандарға қарсы үкімнің күші жойылды

Dalanews 08 қаз. 2021 01:59 222

«Астана LRT» ісі бойынша сот күтпеген жерде шешім шығарды. Елордада өткен сот алқасында судья бұл істің шикі тұсы көп, құқық бұзушылықтың негізі бар деп пайымдап алғашқы үкімінің күшін жойды, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Дәлел болғанымен, кейбір шетелдік компаниялардың өкілдеріне қатысты шешім қабылданбаған болып шықты. Прокурорға қайтарылған қылмыстық іс бойынша негізінен жеті шенеунік қамауға алынған еді. Үкімнің күші жойылғанымен, олар жаңа үкім шыққанша темір торда қала бермек.

«Астана LRT» ісі бойынша сот былтыр күзде басталып, нүктесі 28-мамырда бір-ақ қойылған еді. Жеті ай аралықта сот залында прокурорлардың келтірген дәлелдеріне келіскен судьялардың шешімін бүгін олардың сот алқасындағы әріптесі тоқтатты.

Сөйтсе қылмыстық істің түзейтін тұстары көп екен. Мәселен, кей шетелдік компаниялардың өкілдеріне қатысты шешім қабылданбағаны анықталыпты.

– Сот алқасы қаулы етті. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 28 мамырдағы Рашид Аманжолов, Жанат Нұрпейісов, Талғат Әшім, Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов, Дәурен Әбдіхамитовке қатысты үкімінің күші жойылды. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының басты сот талқылауына кедергі келтіретін елеулі заң бұзушылықтары мен нормаларын жою үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының прокурорына қайтарылды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Абай Көкжалов.


Қылмыстық іс прокурорға қайтарылса да, «Астана LRT» ісіне қатысы бар деп танылып, сотталғандар темір торда қала береді. Сот жазасын өтеп жатқан жетеуге «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.

Оның мерзімі прокуратураға келіп түскен күннен бастап бір айға ұзартылған. Ал айыпталушылардың адвокаттары бұл шешімге қарсы. Олар қорғауындағылардың үйқамаққа шығуын талап етуде. Өйткені сот барысындағы қателіктер шаш етектен екенін айтуда.

– Сот өзінің шешімін аудиторлық сараптамаларға негіздеген. Бірақ біз сараптамаларды, аудиторлық сараптамаларды тексерген кезде қателіктер таптық. Сотта бұл қателіктер жайлы айттық. Мысалға бұл іс ЛРТ жайлы емес, бұл БРТ, яғни автобус жолын салу жайлы.  Іс бойынша сотталған 7 адамның ЛРТ-ге қатысы жоқ, – дейді адвокат Дина Аманжолова.

Бұған дейін жазасын өтеушілер өзіне тағылған айыпқа қарсылық танытып, түрлі әрекеттерге барған болатын. Әсіресе 8 жыл мен 10 жылға қамалғандар түрмеде аштық жариялап шу шығарған еді. Кейбірінің денсаулығы нашарлап ауруханадан бір-ақ шыққан болатын.


Халық арасында «жемқорлық ескерткіші» аталып кеткен бұл бағаналармен жұмыс өткенде басталған. Қазір жүріп жатыр. Қаржы жағын да елорда билігі инвесторларды тартып шешіміз дегендей болған. Ал бұрын бөлінген миллиардтар ұшты-күйлі жоқ.

Қомақты қаржыны қалтасына басқан Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков шетелде жайбарақат жүр. Жақында мәжілісмендер «Интерпол оларды іздемей жатыр, тіпті олар тізімде жоқ» деп Бас прокуратураны айыптаған. Ал Бас прокуратурадан әлі жауап жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x