Back

Қазақстанның орнықтылық қоры 70 млрд теңгенің облигацияларын өтеді

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (Fitch Ratings «BBB»/болжамы «Тұрақты», бұдан әрі – ҚОҚ) 70 млрд теңге сомасындағы KZ2C00006211 екі жылдық облигацияларын толық және уақытылы өтегені туралы хабарлайды. Инвесторларға төленген купондық сыйақы мөлшері 5 950 000 000 теңгені құрады.

2019 жылғы 26 қыркүйекте жылдық купондық кірістілігі 8,5% болатын 70 млрд теңге сомасындағы облигациялар айналымға шығарылған болатын. Бағалы қағаздар екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары, активтерді басқару қорлары мен брокерлік ұйымдар арасында сатылды.

Бұл ағымдағы қаржы жылындағы төртінші купондық төлем екенін айта кету керек. Ал Қазақстан қор биржасында тіркелген сәттен бастап ҚОҚ өтеген облигациялардың жалпы сомасы 220 млрд теңгеге жетті.

Қазіргі уақытта ҚОҚ портфелі мемлекеттік бағалы қағаздар қоржынына кіретін бір, екі, үш, бес, жеті және он жылдық облигациялардан тұрады. ҚОҚ облигацияларды «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру мақсатында шығарады.

ҚОҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының операторы болып табылады.