Back

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер – 2021» сыйлығының жеңімпаздары анықталды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева танымал қазақстандық журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» – 2021 сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр байқаудың негізгі мақсаты – талантты журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсен Құранбектің есімін ел жадында өшірмеу, мұрасын сақтап қалу екендігін атап өтті.

– Журналистика саласындағы барлық жігерлі жастарға Бейсен Құранбектің өмірі жастарға жігер берсін деген мақсатпен осы байқауды ұйымдастырған болатынбыз, – деді Аида Балаева.

Іс-шара «Astana Media week – 2021» аясында Нұр-Сұлтанда өткізілді.

Марапаттар Бейсен Құранбектің журналистік қызметтегі принциптерін барынша толық көрсететін жұмыстардың авторларына табыс етілді.

«Жігер» байқауының «Әлеуметтік тақырыптағы үздік бағдарлама» номинациясы бойынша жеңімпаздары:

І орын – Сәния Байтарова, «Жетісу» телеарнасының редакторы («Арнайы хабар» «Меруерттің мұңы» шығарылымы);

ІІ орын – Ерлан МҰҚАНОВ, «Ақтөбе» телеарнасының редакторы («Жігер» бағдарламасы);

ІІІ орын – Индира Бектенова, «Қазспорт» телеарнасының бас редакторы («Әлемді мойындатқан Шардара» бағдарламасы).

Байқау жеңімпаздары диплом, «Жігер» естелік мүсіншесінің және қаржылай сыйақы иегерлері атанды:

I орын иегері – 1 000 000 теңге;

II орын – 500 000 теңге;

III орын үшін – 300 000 теңге.

Жеңімпаздар есімі медиасала кәсіби мамандарынан, қоғам қайраткерлері мен Бейсен Құранбектің серіктестерінен құралған қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды.

Қазылар алқасының құрамында журналист, публицист Қайнар Олжай, танымал журналист Арман Сқабылұлы, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Андрей Тараков, журналист, «Қарекет» бағдарламасының продюсері Әлия Құдайберген, журналист, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбай болды.

«Жігер» сыйлығы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен «Медиа Дамыту қоры» Корпоративтік қорымен ынтымақтастықта өткізілді.