Алматыдағы атыс: марқұм полицейлердің отбасына баспана беріледі

Dalanews 21 қыр. 2021 08:14 191

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза болған полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына барып қайтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

ҚР ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының жеке құрамы атынан қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

ҚР Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй береді.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін” медальдарымен марапатталды.

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының Магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті.

2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде “Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін” 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар.



 

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде “Үздік құтқарушы жауынгер” және “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.

5 адамның өмірін қиған трагедия Алматының Алатау ауданында орналасқан Ақбұлақ ықшам ауданында 20 қыркүйек күні кешке болған. 1967 жылы туған ер адам екі полицейге, сот орындаушыға, даулы үйдің жаңа иесі мен оның өкіліне оқ атқан. Бесеуі де оқиға орнында қаза болды. Алматы полициясы департаментінің жедел-тергеу тобы оқиға орнында әлі де жұмыс істеуде.

https://dalanews.kz/del-qazir/68135-almatydagy-tragediia-sot-oryndaushyla

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x