«3 жыл 6 айға сотталды». «СҚ-Фармацияның» экс-басшысы қайтадан қамалды

Dalanews 17 қыр. 2021 03:28 235

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп түрмеге қайта оралды. Бір жарым айдай бұрын ғана экс-шенеунікті дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруына еш кінәсі жоқ деп ақтаған сот шешімін өзгертіп, Берік Шәріпті кінәлі деп тапты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Енді ол орташа қауіпсіз мекемеде үш жарым жыл жазасын өтейді. Сонымен қатар «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды.

Судья Берік Шәріптің сот процесі жүргізілген уақытта бір жыл қамауда болғанын ескерді. Былтыр сәуір мен мамыр аралығында Қазақстанда екі мыңнан астам медициналық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырған.

– Медицина қызметкерлерінің жаппай ауруға шалдығуы қорғаныш киімдерінің жетпегенінен орын алды, – дейді прокурорлар. Мемлекеттік айыптаушылар мұның бәріне Берік Шәріптің қатысы бар, ол тендер кезінде өзі комиссияға жетекшілік етіп, тек белгілі бір жекеменшік серіктестіктің қомақты ақшаны иеленуіне ықпал еткенін айтады.


– Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатылы соттың дәлелдерін негізсіз алға тартып, Берік Шәріпті лауазымды өкілетті теріс пайдаланумен қаруды заңсыз сақтауға кінәлі деп тапты. Сот ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстың төтенше жағдайлар кезінде орын алғанын ескерді. Осыған байланысты Шәріп 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылуға сотталды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойға айырылды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x