Back

Жамбылдағы жарылыста жалған ақпарат таратты деген күдікпен журналист жауапқа тартылмақшы

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысты жариялаған ақпарат құралдарының кейбірі жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені Жамбыл облысының полиция департаменті «жалған ақпарат тарату» дерегі бойынша тергеуді бастады, – деп хабарлайды КТК арнасы

Жамбыл облысының полициясы «Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпаратты тарату» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ісі әлі жалғасуда.

Жалған мәлімет таратты деген желеумен осылайша бірнеше журналист жауапқа тартылатын түрі бар. Бірақ ол азаматтардың қызмет орны, аты-жөні әлі нақты айтылмады.

Қылмыстық кодекстің тағы екі бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Оның бірі – «Басқа адамдарға қатер төндіретін оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтыру» бабы, ал екіншісі – «Басшының немесе шенеуніктің өз қызметіне немқұрайлы қатынасының ауыр зардаптарға әкеліп соғуы» деп аталады.

Үш апта бұрын Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам ажал құшқан. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір  әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.