Cоңғы жаңалықтар
Back

Көлік жүргізушісі аялдамада тұрған адамдарды қоғадай жапырып өте шыққан

Таразда жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушыларды қағып кетті, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Екі адам оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы екеуі ауруханада. Ал жүргізушінің өзі оқиға орнынан із суытқан.

Жүйткіген Hyundai қарсы бетке шығып кетіп, аялдамада топталып тұрған адамдарды қоғадай жапырып өткен. Ешкімнің қашуға мүмкіндігі болмаған. Бірі қаңбақтай ұшса, енді бірі көліктің астында жаншылып қалған. Төрт адам зардап шегіп, оның екеуі сол жерде жан тапсырған.

Ал түрлі жарақат алған екі әйел ауруханаға түсті. Біреуінің жарақаты жеңіл, ал 53 жастағы жергілікті тұрғынның жағдайы ауыр екенін дәрігерлер айтты.

– Екінші 1968 жылы туған азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Оның бес қабырғасы сынған және миы шайқалған, төменгі жақ сүйегі сынған. Тізесіндегі шеміршектердің бәрі үзілген.Қазіргі жағдайы өте ауыр. Бірақ есін біледі, жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді Тараз қаласы №1 аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев:

Полицейлер күдікті ретінде 23 жастағы қала тұрғынын ұстаған. Қайғылы жағдай бүгін таңғы жеті шамасында болған. Қаза тапқандардың екеуі де әйел.

– Жол көлік оқиғасында екі әйел қайтыс болды, екеуі жансақтау бөліміне түсті. Жол көлік оқиғасына қатысты жүргізушіге қатысты тергеу амалдары басталды, – дейді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Бақыт Ратаев.

Жол көлік оқиғасы бақылау камерасына түсіп қалған. Содан алынған видео әлеуметтік желіге тарап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр.

Сондай-ақ ел арасында апатқа себепкер болған азаматтың оқиға орнынан қашып кеткені айтылуда. Алайда полицейлер бұл деректі жоққа шығаруда. Әзірше күдіктінің көлік жүргізгенде азаматтың ішімдік ішкен-ішпегені де белгісіз. Оны анықтауға бірқатар сараптама тағайындалған. 23 жастағы көлік жүргізушісі қамауға алынып, дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Тағы оқыңыз:

Жамбылдағы жарылыста жалған ақпарат таратты деген күдікпен журналист жауапқа тартылмақшы