Back

Түрік билігі орман өртін сөндіруге атсалысқан қазақстандық құтқарушыларға алғыс айтты

Түркиядағы тілсіз жауды ауыздықтауға аттанған қазақстандық құтқарушылар өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындады деп хабарлайды Dalanews.kz Төтенше жағдай министрлігіне сілтеп. 

Украина, Әзірбайжан, АҚШ, Иран және басқа да мемлекеттерден келген экипаж мүшелерімен бірлесіп, түріктің Даламан қаласындағы алапатты өртті тоқтатқан қазақстандықтар алдағы уақытта елге оралады. 

Орман алқабын шарпыған қызыл жалынды сөндіру үшін жерлестеріміз бір апта бойы тыным таппады. 

17 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған жедел топ көлемі 320 тоннаға жуықтайтын 80 цикілді суды шашты.

Соның нәтижесінде аталған аумақтағы алапат өрттің арыны бәсеңдеп, ақыр соңында толық сөндірілді. 

“Төтенше жағдай министрлігінің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндетті толық орындады. 20-шы тамызда Даламан қаласының басшылығы мен Түркияның Орман шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері қазақстандықтарды елге шығарып салады”, – деп нақтыланған министрлік таратқан мәліметте. 

Айта кетелік, президент Тоқаевтың бұйрығымен бауырлас түрік халқына қол ұшын созу үшін Төтенше жағдай министрлігінің 16 құтқарушысы және екі МИ-8 тікұшағы шұғыл көмекке аттанған.

Қазақстандық құтқарушылар үш елдің территориясын басып өтіп, шамамен 4500 км жер жүріп Түркияға жеткен еді.