Back

Қазақстанда лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл шаралары күшейеді

Елімізде терроризм мен экстремизмді қолдауға, соның ішінде оны қаржыландыруға қарсы іс-шаралар шеңбері кеңейеді. Бұған Ауғанстандағы ахуал себеп деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еліміздің Қаржы мониторингі агенттігі лаңкестік әрекеттердің жолын кесу үшін экстремистерді қаржыландыруға қарсы іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, соның ішінде Қазақстан мен Ауғанстанның арасындағы ақша айналымына бақылауды күшейтпек.

Агенттік мамандары осы арқылы күмәнді ақша ағындарын ерте бастан анықтап, олардың қауіпті мақсатқа жұмсалуына жол бермейміз деп отыр.

Бұл жайында ТМД елдерінің осы бағытта жұмыс істейтін агенттік басшылары бас қосқан жиында Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Елиманов мәлім етті.

Осы жиында терроризмді қаржыландыруға жол бермеу мәселесі егжей-тегжейлі сөз болып, оның алдын-алу амалдары талқыланған.

“Ауғанстандағы ахуал ушыққалы бері Қазақстаннан осынау елге ақша аударымдары 68 пайызға төмендеді. Біз бәрін бақылап отырмыз. Екі мемлекет арасындағы ақша ағыны негізінен Ауғанстанға қажетті тауар түрлерінің экспортымен байланысты, сонымен қатар көлік қызметінің аздаған үлесі бар”, – деп атап өтті Елиманов.

Агенттік төрағасының айтуынша ауған билігіне “Талибан” қозғалысы келгелі осы елмен арадағы барлық капитал аударымдарына жоғары тәуекелі бар деген арнайы баға берілген. Сондықтан да екі елдің арасындағы ақша қаражатының алыс-берісін жүзеге асыратын қаржылық субъектілерді мониторингілеу жұмысы күшейтіледі.