Қазақстандағы ұлтаралық мәселені саяси ойынға айналдыруға жол бермейміз - қоғамдық бірлестік

Dalanews 10 қыр. 2021 14:21 211

“Атамның аманаты” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұрат Молдағалиев “Қазақстанда орыстілді азаматтарға қысым жасалуда” деп мәлімдеген “Ресей офицерлері” ұйымына жауап қатты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейлік ұйым елімізде орыстілді аудитория зәбір көріп отырғанын, оларды тілдік және діни негізде қудалау орын алып жатқанын сөз еткен.

Қазақстандық ұйымның төрағасы мұндай тұжырыммен мүлде келіспейтінін айтты.

Мұрат Молдағалиевтің пікірінше еліміздегі ұлтаралық келісімге ешбір сырт күштер әсер ете алмайды. Қазақстанның Ата заңы әрбір азаматқа оның шығу тегі мен наным-сеніміне қарамастан құқығы мен бостандығына кепілдік береді.

“Сондықтан мұндай мәлімдеме жасау орынсыз, негізсіз. Бұл тыныш тұрған қайықты шайқаудың көрінісі.
Мұндай популистік ұрандар Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сыйластыққа сызат түсіреді. Иә, біз әртүрліміз, алайда біз біргеміз. Еліміздің мультмәденилігі және көптілділігі Қазақстанның кемшілігі емес, артықшылығы”, - деп атап өткен екен Молдағалиев.

Сөй деген қоғамдық ұйым өкілдері Ресейдің зиялы қауымын ақылға келуге және жоқ жерден дау шығармауға шақырыпты.

Молдағалиевтің атап өткеніндей елдегі ұлтаралық мәселені ұшықтырып, оны саяси құралға айналдырғысы келетін кейбір топтар ертеңгі күні осы әрекеті үшін ұялатын болады.

“Ресей офицерлеріне” Қазақстан мен Ресейдің одақтас екенін есіне салғымыз келеді. Астамшылдық, арандату, негізгі айыптау екі елдің арасындағы достықты бұзады”, – дейді осы орайда “Атамның аманаты" ҚБ төрағасы Мұрат Молдағалиев.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x