Back

Әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілерге мемлекеттік төсбелгілер табысталды

 Төтенше жағдай министрлігінде Қарағанды облысының өрт сөндірушілері және № 52 859-ші әскери бөлімінің сарбаздарын салтанатты марапаттау шарасы өтті деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетелік, құтқарушылар мен жауынгерлер шілде айының ортасында Қарағанды өңіріндегі дала өрттерінің алдын алып, оның жақын маңдағы аудан-ауылдарға таралуына тосқауыл қойған еді.

Ведомство басшысы Юрий Ильин Мемлекет басшысы Тоқаевтың атынан Ұлан Кеңеске, Аятолла Нәбиевке, Бауыржан Біләловке және Владимир Малитюнге “Ерлігі үшін” медалін, сонымен қатар Болат Оразбекұлы, Мәди Рүстемов, Қазыбек Әмірбек және Ержан Сұлтанбековке “Құрмет” грамотасын табыс етті.

“Құтқарушылар өңірдегі дала өрттеріне бірден ауыздықтап, Алғабас, Пионер, Ақтас, Малшыбай, Құлымбек, Түйемойнақ ауылдарын тілсіз жаудан арашалап қалды. Солардың арқасында 40 мың гектардан астам дала өрті өшірілді”, – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Министр Ильин өз тарапынан марапатталған азаматтарға облыстағы ауыл шаруашылығы аумағын сақтап, аудан-ауылдарды апаттан құтқарудағы қайсарлығы мен кәсібилігі үшін зор алғысын айтты.

Марапаттау шарасынан кейін Қарағандағы облысының әскери қызметкерлері мен өрт сөндірушілерге арнап Ұлттық музейде және Елордадағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде арнайы экскурсия өткізілді.