Сағынтаев стартап-жобалар қала шаруашылығын цифрландыруға бағытталатынын айтты

Dalanews 04 там. 2021 13:40 138

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мегаполистің тыныс-тіршілігінің түрлі салаларына пилотты түрде енгізу үшін стартап-жобаларды іріктеудің басталғаны туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бүгін Smart City Accelerator Almaty стартап жобаларын дамытудың қарқынды бағдарламасы іске қосылды.

– Smart City Accelerator Almaty стартап-жобалар қарқынды дамыту бағдарламасын іске қостық. 80-нен астам жобаның ішінен іріктеліп алынған 20 жоба пилоттық негізде жүзеге асу мүмкіндігіне ие болды. Цифрлық шешімдер қаладағы түрлі қызмет жұмысының тиімділігін арттырып, тұрғындар үшін қалалық ортаның жайлылығын арттыру үшін қажет, – деп атап өтті Алматы әкімі.

Алғашқы бес стартап, соның ішінде информатика сабағын оқытуға арналған онлайн-платформа, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының жай-күйіне автоматты түрде мониторинг жүргізіп, шектеулі аумақты қолжетімді етуге септігін тигізбек. Сондай-ақ, құрылысшылар үшін геологиялық деректер базасын құруға, жол мен желілерді жөндеу сынды маңызды қалалық жобаларды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін әлеуеті жоғары жобалар бар.

– Қала үшін үлкен маңызға ие Smart City-ді құруға дайын АТ-командалар үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде қалада АТ-архитектурасы дайын кеңсе кеңістіктері бар. Бұл орындар оқыту тренингтері мен курс жүргізуге, сондай-ақ қалалық қызметтермен өзара байланыс орнатуға таптырмас диалог алаңы іспеттес, – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x